Мен басқа елдерге Қазақстанды үлгі етіп отырамын – ДДҰ Еуропалық бюросының директоры ҚазҰМУ ұжымымен және студенттерімен кездесті
ҚазҰМУ құрметті профессоры, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге Қазақстанға ресми сапары аясында ҚазҰМУ ұжымымен және студенттерімен кездесті.
Осы жылы Ханс Клюге ресми сапармен елімізге екінші рет келіп отыр, бұл ДДҰ үшін Қазақстанның маңыздылығын айғақтай түспек. Кездесу 1978 жылы Алматы қаласында МСАК жөніндегі халықаралық конференцияны өткізу мен әлемнің барлық тұрғындары үшін қолжетімді денсаулық сақтау қағидатына барлық елдерге жол ашқан халықаралық декларацияға қол қоюдың бастамашысы болған академик Шарманов Төрегелді Шарманұлы атындағы Даңқ залында өткізілуі айшықты көрініс.
Кездесу барысында Тель-Авив қаласында өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа өңірлік комитетінің 72-ші сессиясының қорытындылары талқыланды. Қазақстандық делегацияның басшысы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Еуропа өңірлік комитетінің 73-ші сессиясын Қазақстанда, Астанада өткізуді ұсынатынын мәлімдеді. Кездесу 2018 жылғы Астана декларациясын қабылдаудың бес жылдығына, Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жылдық, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 75 жылдық мерейтойына арналады. Алдымызда үлкен дайындық жұмыстары тұр, бірлесе отырып, аталмыш іс-шараны өте мағыналы әрі маңызды етіп өткізетінімізге сенімім зор.
Тель-Авив қаласындағы сессияға министрлердің, қоғамдық ұйымдардың, жастар делегаттарының және халықаралық серіктестердің рекордтық саны қатысты. ДДҰ Еуропа бюросының сессиясында халықтың денсаулығы бойынша ең өзекті мәселелер көтерілді: COVID-19 пандемиясының салдары, балалардың артық салмағымен күресу, қарт адамдарға қамқорлық, дәрігерлердің мәртебесі, олардың әлеуметтік әл-ауқаты және тағы басқалар.
Министр бүкіл өңір азаматтарының қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін батыл ұсыныстар жасады.
Сессия делегаттары 22-23 қыркүйекте Түркістанда өтетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің 35-ші отырысына қатысу үшін Қазақстанға шақырылды.
Ханс Клюге ДДҰ Еуропа бюросының жоспарлары, пандемиядан кейінгі әлемнің жаңа шындығына бейімделудің маңыздылығына жан-жақты тоқталып өтті. Ол сонымен қатар денсаулық мәселелері саясаттан тыс болуы қажет деген маңызды мәлімдеме жасады.
«Біз сіздердің күш-жігерлеріңізге дән ризамыз. ДДҰ-ға қатысушы 53 мемлекеттің әрқайсысы жүрегіңізде ерекше орын алатынын білеміз. Қазақстанға биылғы екінші сапарыңыз еліміздің сіз үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтайды – деді ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Алдыңғы күндері доктор Ханс Клюге Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе ауқымды жұмыстар атқарды. Кездесу өте жоғары Парламент деңгейінде Премьер-Министр Әлихан Смайыловпен және медициналық қауымдастықпен өтті. Ханс Клюге әлем қазір коронавирустық пандемиядан жаңа шындыққа өтіп жатқанын атап өтті.
«Бұл қос жол деп аталады, яғни әлемнің барлық елдері аурудың алдын-алу және бақылау бойынша жүйелі шаралардан бас тартпай төтенше жағдайларға дайын болуы қажет. Пандемия кезінде біз жоспарлы емдеудің тоқтап, көптеген проблемалар туындағанын көрдік», – деді Ханс Клюге. Ол қазір Еуропалық аймақ төрт жаһандық дағдарысқа тап болып отырғанын алға тартты. Біріншісі – ол Украинадағы соғыс. ДДҰ делегациясы 10 қазанда Украинаға қысқа дайындыққа қолдау көрсету үшін барады. Екінші дағдарыс — коронавирус. ДДҰ-ның пікірінше, қыстың келуімен әлемнің әр елі вирустың жаңа нұсқаларын анықтап, вакциналармен әсіресе қарт адамдарды, денсаулық сақтау қызметкерлерін қамтамасыз ететіндей бақылауды күшейту қажет.
«Мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігін ревакцинацияның кеңінен таралуымен құттықтағым келеді – мұндай деңгей көптеген дамыған елдерде де тіркелмеген. Егер біз жалған жаңалықтармен бірге күресетін болсақ, онда қыс мезгілін көптеген ауыр шараларсыз өткізе аламыз», – деді Ханс Клюге.
Үшінші дағдарыс – маймыл шешегінің пайда болуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аталмыш ауру түрінің Африка еліне тән болғанмен, Еуропа аймағында қалай пайда болғаны туралы ақпараты жоқ. Аурудың алдын алу үшін қауымдастықтар арасында пайдалы ақпарат тарататын адамдарға өкілеттік беру және вакциналардың аз мөлшерін тәуекелі жоғары топтарға бағыттау маңызды. Төртінші дағдарыс – бүкіл әлемде таралып келе жатқан полиомелиттің өршуі.
Бұл дағдарыстармен күрес барысында ДДҰ халықаралық ынтымақтастыққа шақырады.
«Премьер-Министр Әлихан Смайыловпен кездесу барысында одан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нью-Йорктегі сөзінде елдер арасындағы ынтымақтастықты ынталандырғаны үшін ризашылығымды білдіруді өтіндім. Қазір мемлекеттер ДДҰ және елдер арасында ақпаратты тезірек бөлісуге міндеттейтін пандемияға қарсы келісім-шарт сынды жаңа халықаралық заңды күші бар құралдарды талқылауда. Сонымен қатар, ДДҰ үкіметтердің өкілеттіктерін өз мойнына алмайтынын атап өтеміз. Біз бұйрық бермейміз, нормативтік ұсыныстар береміз. Бірақ халықаралық нормативтік шарттардың болуы маңызды», – деді Ханс Клюге.
«Осындай дағдарыс кезеңінде ынтымақтастық, теңдік, әмбебаптық сынды еуропалық құндылықтарға берік болу маңызды. Бұл менің көзқарасымның өзегі – ешкімді артта қалдыруға болмайды», – деп толықтырды сөзін ол.
Сондай-ақ, ДДҰ өкілі коронавирустық пандемия кезінде коронавирусқа қарағанда жүрек-тамыр ауруларынан бес есе көп адам қайтыс болғанын айтты.
«Нағыз пандемия – бұл жүрек-тамыр аурулары. Біздің аймақтағы адам өлімінің үш негізгі драйверінің алдын алуға болады – біріншісі темекі. Кеше Ажар Ғиниятты сіздердің Президенттеріңіздің темекі мен қыздырылған темекі өнімдеріне салықты арттыру туралы Заңға қол қоюымен құттықтадым. Кеше Премьер-министр вейпингке тыйым салу бойынша жоспарлары туралы мәлімдеді. Вейпинг балалар үшін өте қауіпті. Темекі өнеркәсібінен қысым көп. Мен сондай-ақ Сенаттың вице-спикері мен Мәжілістің вице-спикеріне алғыс айтқым келеді. Мен Қазақстанды басқа елдерге үлгі етіп отырамын», – деді ол.
Екінші қауіп факторы – гипертония. Үстелдегі тағамға қосылатын тұз жалпы тұтынудың тек 10 пайызын құрайды. Бірақ ол жармада, ірімшікте, нанда да бар.
«Бізге индустрияны реттеу бойынша саяси ерік-жігер қажет. Бірақ гипертонияның алдын алсақ та, гипертонияны емдеудің тиімділігін арттыру қажет. Жүз мыңдаған жоғары қысымы бар адамдар бар, бірақ олар емделмейді. Оларды емдеуге тартудың ең жақсы тәсілі – науқастарға баратын, олармен сөйлесетін, қолдау көрсететін көп салалы топтарды қолдану», – деді ол.
ДДҰ өкілі отыруды жаңа темекі шегу деп атады.
«Шоранов мырза, бізге ДДҰ Еуропа бюросының орнымыздан тік тұрып өткізетін жаңа кездесулері қажет. Отыру – бұл жаңа темекі шегу», – деп атап өтті ол.
Гипертония алкогольмен де байланысты.
«Алкогольді тұтынудың қауіпсіз деңгейі жоқ. Бұл шындық. Сондықтан мен өткен аптада ДДҰ-ның ішімдік ішуге бағытталған алғашқы еуропалық жоспарын мақұлдағанымызды мақтан тұтамын. Бұл өте қиын болды. Соңғы сәтке дейін алкоголь индустриясы басқа елдерде және Франциядағы Макронның кеңсесінің алдында мүдделерін насихаттады. Бірақ біз бұл жоспарды орындадық», – деді Ханс Клюге.
Үшінші қауіп – бұл ауаның ластануы. ДДҰ Еуропа аймағында ауаның ластануынанан жыл сайын 550 мың адам қайтыс болады. ДДҰ қалаларды экологиялық жоспарлау, автомобильдендіру деңгейін қысқарту жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырады. Сондай-ақ, Ханс Клюге туберкулезбен күресу шаралары, психикалық денсаулық бойынша жалпы европалық коалиция құру, медицина қызметкерлері арасында шаршау мәселесі туралы айтып өтті.
«Кеше маған өте әдемі домбыра сыйлады. Рим Папасы сіздердің елдеріңізді домбырамен салыстырды. Сіздерде екі жол бар — батыс және шығыс. Сіздердің еліңіз, Президенттеріңіз, Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері оларды қосу жолында қажырлы еңбек етеді. Денсаулық – бұл саясат емес. Бірақ денсаулық үшін бейбітшілік қажет. Ал денсаулық әрдайым қымбат. Ойшыл бол, күресте өз рухыңды нығайта бер, тек дарынсыз адам ғана тағдырға бағынады», – деп Ханс Клюге сөз соңында Абайға сілтеме жасады.
Ол сондай-ақ Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен ҚазҰМУ ректоры Марат Шорановқа Тель-Авив қаласындағы ДДҰ Еуропа бюросының сессиясындағы жұмыс барысында белсенділік танытқаны үшін алғысын білдірді.