Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ресей Федерациясынан келген қонақтарды қабылдады. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнына Орынбор мемлекеттік медицина университетінің ректоры Мирошниченко Игорь Васильевич, сондай-ақ «Gaudeamus» халықаралық білім беру холдингінің директоры Антипов Григорий Вячеславович келді.
Жоғары деңгейде өткен кездесу профессор-оқытушылар құрам мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ магистранттар мен докторанттарды тарта отырып, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттары бойынша бірлескен ғылыми жобаларға қатысу мәселелеріне арналды.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов жуырда университетте эпидемиолог дәрігерлерді даярлауды қолға алатынын атап өтті. Әлбетте, бұл мамандық бойынша студенттермен алмасу екі университетке де пайдалы болмақ.
«COVID-19 пандемиясы біздің санитарлық-эпидемиологиялық бейіндегі дәрігерлерді даярлау жүйесі соңғы жылдары өзгеріске ұшырағанын және елімізге бұрынғы тәжірибені қалпына келтіру қажеттілігін көрсетті. Келесі жылдан бастап бұрынғы эпидемиология мектебін құруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты бізге медициналық-профилактикалық іс мамандығы бойынша академиялық ұтқырлық аясында студенттермен алмасу мүмкіндігі қажет. Себебі, біздің қызметтеріміз бір-бірімен тығыз байланысты және өте ұқсас», – деп атап өтті ҚазҰМУ ректоры.
Орынбор мемлекеттік медицина университетінің ректоры Игорь Мирошниченко өз кезегінде С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің Орынбор облысы Қазақстанмен шекаралас жатыр, сондықтан біз көрші мемлекеттердің студенттеріне де назар аударамыз. Бізде ғылыми, клиникалық және білім беру қызметтері өте мықты. Емханалар, әрине, мұндағыдай үлкен емес, бірақ біз облыстық денсаулық сақтаумен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз және бір-бірімізге көмектесеміз. Ынтымақтастығымыз нәтижелі болады деген ойдамын, – деп атап өтті Орынбор мемлекеттік медицина университетінің ректоры.
Орынбор мемлекеттік медицина университеті 79 жыл бұрын құрылған. Бүгінгі таңда университет клиникалық иммунология, жүрек-тамыр жүйесінің патологиясы, онкология, физиология және патология саласындағы зерттеулермен айналысады. Ғылыми жобалармен жұмыс ЖОО-ның құрамына кіретін ғылыми-инновациялық зерттеулерді үйлестіру орталығындағы заманауи зертханаларда жүргізілуде. Орынбор мемлекеттік медицина университетінің студенттері мен резиденттері университетте жұмыс істейтін бейімделу терапиясы клиникасында тәжірибе жинақтайды. Университетте симуляциялық аккредиттеу орталығы жұмыс істейді, онда заманауи технологиялар, тренажерлар мен медициналық тренажерлардың көмегімен студенттер теориялық білімдерін тәжірибеде пысықтайды. Онда стоматология, педиатрия, фармация, жедел жәрдем және босандыру сияқты түрлі орталықтар бар. 2018 жылы Forbes журналы 600 оқу орнын бағалау бойынша Ресейдің үздік университеттерінің рейтингін жариялады. Орынбор мемлекеттік медицина университеті ТОП-100 енген, медициналық жоғары оқу орындарының арасында 4-ші орынға ие болды.
Қазақ ұлттық медицина университеті мен Орынбор мемлекеттік медицина университетінің арасындағы ынтымақтастық туралы шарт 2016 жылдың 24 қарашасында қол қойылған және мерзімсіз болып табылады. Шарт медициналық білім және ғылым саласындағы қызметті, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру жүйелерінің нәтижелі жұмыс жасауға жәрдемдесуді, жоғары білімі бар мамандарды және жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауды көздейді.