2023 жылдың 23 маусымында өткізілген 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру аясында ҚР денсаулық сақтау мекемелері арасында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты республикалық конкурс жеңімпаздары анықталды. Осы орайда гистология кафедрасының меңгерушісі м.ғ.к., ҚР Үкіметі жанындағы терминологиялық комиссияның, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің терминологиялық комиссиясының және университетіміздің терминологиялық комиссиясының мүшесі Ерғазина Марал Жүнісбекқызы «Даналық» аталымы бойынша бас жүлде иегері атанды.
Бұл сыйлық медицина саласы бойынша республикалық, аймақтық басылымдарда қазақ тілінде ғылыми мақалалары жарық көрген, теле, радио арналарында арнайы репортаж , сұқбат беріп, қазақ тілін жоғары дәрежеде қолданып, халыққа үлгі бола білген және қоғамның рухани жаңғыруына септігін тигізіп жүрген тұлғаларға беріледі.
Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне зор үлесін қосып жүрген әріптесіміз Марал Жүнісбекқызын «Даналық» төсбелгісінің иегері атануымен құттықтай отырып, еңбегіне жеміс тілейміз.