4-5 жастағы бүлдіршіндер арасында қант диабетіне шалдыққандар көбейген
Оларды дәрі-дәрмекпен қамтуда, ем көрсетуде көлденең кедергілер жоқ десе болады. Тек аурудың жасарғаны көңілді күпті етеді. Мәселеге Ердәулет Байдуллаев үңіліп көрді.
Ердәулет Байдуллаев, тілші
– Міне, маман көрсеткендей, қандағы қант құрамын сырт көзбен қарап, анықтау мүмкін емес. Ол үшін сынама ретінде қан тапсырып, арнайы құрылғыға тоссаңыз болғаны 5 секундта нақты нәтижелерін көрсетіп береді. Иә, нәтиже көп күтірмейтіні жақсы. Бірақ бізге керегі ол емес. Оның алдын алуға ден қойып, қант диабетіне шалдығушылар қатарын азайту. Әзірге бұл мүмкін болмай тұр.
Гүлмира Әбдуақасова, Астана қаласының штаттан тыс бас эндокринологы
– Осыдан 20 жыл бұрын балалардың қант диабетіне шалдығу фактісі бірнешеу ғана болатын. Қазір қалай? Былтыр 120 бала болған. Осы жылы 150-ден асты. Ең қорқыныштысы, олардың кейбірі – 5 жаста. Ағзасы қантты өздігінен қорыта алмағандықтан қанда оның мөлшері көбейіп кетеді. Сырқаттың шипасы да жоқ емес. Бірақ сауығу үшін барлық талапты орындау қажет. Бірінші кезекте, майлы тамақ пен газдалған сусындардан бас тарту, ал рұқсат етілгеннің өзінде мөлшерден артық тұтынбау керек. Бұл маман кеңесі.
Жанай Ақанов, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің диабет орталығының директоры
– Қант диабеті негізі медициналық мәселе. Онымен ауыратындар көбейіп, ол кейін әлеуметтік тіпті экономикалық мәселеге айналды. Өйткені әр науқас қаншама дәрі-дәрмек тұтынады. Осыдан он жыл бұрын ғана елімізде мұндай сырқаттар 116 мың болатын. Осы жылы олардың қатары екі жарым есеге көбейді. Нақтырақ айтсақ, қазір 290 мыңға жуық отандасымыз осы қант диабетіне шалдыққан. Бұл Орталық Азия бойынша өте үлкен көрсеткіш.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Айтжан Отызбаев