63 қазақстандыққа қайтыс болған америкалықтардың донорлық қасаң қабығы трансплантацияланды
Барлық операциялар сәтті өтті, 2025 жылдың соңына дейін трансплантациялаудан өтетін тағы 241 науқас кезекте тұр.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Кератопластика» қайырымдылық жобасының аралық қорытындысы шығарылды. Университеттің бастамасымен «Қазақстан халқына» ҚҚ, Денсаулық сақтау министрлігі, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, сондай-ақ Lions World Vision Institute Corneal Көз банкі өкілдіктерінің қатысуымен онлайн брифинг өтті. Ағымдағы жылдың мамыр айында ҚазҰМУ университеттік клиникасында АҚШ-тан әкелінен донорлық қасаң қабықты трансплантациялау бойынша бірегей операциялар жасала басталды. Қазақстандық науқастарға қажетті тіндер АҚШ-тан жеткізілді. Жоба «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және «Lions World Vision Institute» Көз банкінің Қазақстандағы өкілдігінің қолдауының арқасында жүзеге асырылды.
Мұндай операциялар елімізде 2017 жылдан бері мәйіт донорлығының келісім презумпциясы келіспеушілік презумпциясына өзгергеннен кейін жүргізілмеген. Анығын айтсақ, 2017 жылға дейін адам көзі тірісінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келіспеушілігін білдірмесе дәрігерлер оның органдарын мұқтаж науқастарға трансплантациялау үшін қолдана алды. Нәтижесінде осыдан 6 жыл бұрын елімізде трансплантация саны күрт азайып, қайтыс болған қазақстандықтардың органдарын ауыстыру нөлге дейін төмендеді.
Көздің қасаң қабығын трансплантациялау – әртүрлі көз аурулары бар науқастардың көру қабілетін сақтаудың жалғыз әдісі болып табылады. Жыл сайын көру қабілетін сақтап, мүгедек болып қалмау үшін трансплантацияға мұқтаж 200-250-ге жуық қазақстандық шетелдік клиникаларға баруға мәжбүр.
2023 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс офтальмологы, ҚазҰМУ офтальмологиялық орталығының директоры және университеттің офтальмология кафедрасының меңгерушісі Сүлейменов Марат Смағұлұлының күш-жігерінің арқасында мұндай операциялар елде қайтадан жүргізіле бастады.
«Әрине, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде маңызды оқиға орын алды, қазірдің өзінде 63 қазақстандық көру қабілетін қалпына келтіруге және толыққанды өмірге мүмкіндік алды. Елімізде ұзақ уақыттан кейін донорлық қасаң қабықты трансплантациялау операциялары қайта жанданды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауының арқасында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің университеттік клиникасында 63 науқасқа қасаң қабықты трансплантациялау операциясы жасалды. «Ең бастысы, бұл көмек уақытылы көрсетілсе, емделушілер толығымен бейімделіп, экономикалық тұрғыдан белсенді болады. Бұл науқастарымыздың болашағы үшін үлкен әлеуметтік маңызы бар», – деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Ембергенова Мағрипа Хамитқызы онлайн брифингтегі сөзінде.
«Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры 300-ден аса қасаң қабықты трансплантациялау үшін 373 350 280 теңге бөлді. 2023 жылдың мамыр айынан осы күнге дейін С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ҚЕАҚ Университеттік клиникаларының қабырғасында 63 науқасқа операция сәтті жасалды, оның ішінде 9 бала бар. Барлық операциялар сәтті өтті, қабылдау көрсеткіші 100% құрады.
«Менің есімім Елкүн, 25 жастамын. 2020 жылы маған кератоконус диагнозы қойылды, сол көзіме операция қажет болды. 2023 жылы маусым айында маған ота жасалды. ҚазҰМУ университеттік клиникасының дәрігерлеріне алғысымды білдіргім келеді, барлық науқастар үшін бәрі сәтті өтті. Өзім сияқты емделушілерге үміт пен сенім ұялатқан «Қазақстан халқына» Қорына да алғыс айтамын. Шындығында, көрші елдерде мұндай операциялардың көбі емханаларда еш қиындықсыз жасалатыны өкінішті, ал бізде науқастар жылдар бойы күтуге мәжбүр», – деп атап өтті ота жасалған науқас.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен рәсімделген келісім бойынша 2023-2024 жылдары 304 науқастың қасаң қабығын трансплантациялау жүргізу жоспарланған болса оның ішінде 107 ота балаларға арналған.
«Соңғы уақытта Қазақстан Республикасында донорлық материалды алу бойынша шектеулер заң жүзінде қабылданғандықтан көздің қабығының әртүрлі ақаулары мен зақымдануы салдарынан соқырлық мәселесі күрделі болып отырғаны белгілі. Ал тарифтер сақталған донорлық қасаң қабықты шетелден алу, дайындау, жеткізу шығындарын өтемеді. Бұл өз кезегінде көптеген науқастардың Ресейде, Үндістанда, Өзбекстанда және Қырғызстанда ақылы негізде операция жасатуға мәжбүр болуына әкелді. Ал бұл процедураларға қолы жетпегендер көру қабілетінің нашарлығын қабылдады. Айта кету керек, қасаң қабықты трансплантациялау науқастардың көру қабілетін қайтару мәселесін түбегейлі шеше алады және бұл оталар азаматты мемлекет экономикасына қайтару арқылы ел бюджетіне айтарлықтай жылдам әрі тиімді экономикалық әсер етпек. Баршаңызға уақыт бөліп, ел үшін маңызы зор жобаны қолдағандарыңыз үшін тағы бір мәрте алғыс білдіремін», – деді ҚазҰМУ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Сұлтанғазиева Светлана Елеусізқызы.
Сарапшылар аталған қайырымдылық жобасы 2025 жылға дейін әзірленгенін және оның соңына дейін, елімізде мұндай операцияларды тұрақты түрде жүргізуге арналған жеңілдететін механизмдерді әзірлеу қажет екенін атап өтті.
«Жоба еліміздегі медициналық қызметтерді белсенділендіретін немесе қандай да бір түрде оңтайландыратын жүйені құраушы болуы керек. Ең болмағанда ота жасалғандарға қатысты мәселелер шешілуде, барлық мақсат орындалды деп есептейміз. Сонымен қатар жоба аясында хирургтарымыздың біліктілігі артты, ұйымдардан мұндай операцияларды жасауға дайындығы туралы көптеген хаттар келіп түсуде. Бірақ Қордың ұстанымы донорлық органдарды шетелден әкелу емес, мұның бәрін осында жасау және жүйені ұйымдастыру қажет», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының жетекшісі Бидатова Гүлзия Қайырбайқызы.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас офтальмологы Сүлейменов Марат Смағұлұлы Қазақстанда мұндай операцияларды жасау үшін мамандар даярланғанын, сондай-ақ еліміздің бірқатар қалаларында тиісті материалдық-техникалық базаның бар екенін атап өтті. Әзірге трансплантациялау тек Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университеттік клиникасында ғана жүргізіледі, сондықтан трансплантацияға іріктелген науқастардың жартысынан көбі Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары. Маман болашақта бұл операциялар Қазақстанның басқа өңірлерінде де жасала бастайды деген сенім білдірді.
«Іріктеу процедурасы оңай емес. Науқас келуі қажет, біз оны тексеріп, оған операция қажет пе, жоқ па, соны анықтауымыз қажет, сонымен қатар бақылау қажет. Сондықтан мұндай бағдарламаға Атырау, Ақтау сынды Алматыдан шалғай өңірлерден келген науқастардың қабылдануы өте қиын. Мен бұл трансплантациялар қасаң қабық тінінің банкі арқылы басқа да қалаларда жүргізілгенін қалаймын. Ал, университеттік клиникада тек жоғары технологиялық қабатты трансплантациялар жасалса игі. Бұл зақымдалған қасаң қабықтың бір бөлігі ғана өзгеретін хирургияның мүлдем жаңа түрлері. Бұл науқас үшін аса ауыр емес, ауыр анестезиясыз жүргізіледі. Біз мұндай операцияларды жүргізудің әлемдік стандарттарына жақындаймыз, бұл операциялар ТМД елдерінде еш жерде жасалмайды, біз осы салада бірінші боламыз», – деді Марат Сүлейменов.
Қасаң қабықты трансплантациялау – негізінен шетелде жасалатын күрделі операция. Трансплантация кератоконус, бельма және әртүрлі аурулардан кейін қасаң қабықтың бұлыңғырлануы, қабықтағы түзілімдер, жарақатқа байланысты тыртықтар, әртүрлі хирургиялық араласулардан кейінгі асқынулар нәтижесінде қабықтың ісінуі сынды ауруларға қажет. Бір ескерерлігі, ауыр жағдайларда трансплантацияны кейінге қалдырмаған жөн, біраз уақыттан кейін трансплантацияның маңызы болмайды дейді мамандар.
Донорлық материалдар арнайы технология бойынша дайындалады және Қазақстанға Америка құрама штаттарынан жеткізіледі. Lions World Vision Institute институтының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Сыпабеков Сейітжан атап өткендей, қазір қасаң қабық банкінде донорлар саны күрт азайды. Себебі, коронавируспен сырқаттанған донорлардың қасаң қабығын алуға болмайды. Осыған қарамастан, Банк елімізге тіндерді жеткізуді жалғастыруға дайын. Сонымен қатар, америкалық мамандар елімізде Банктың әлемдегі алғашқы филиалын ашқысы келеді.
«Жалпы жоба коммерциялық емес, әсіресе біз үшін. Ауқымды құқықтық жұмыстар жүргізілді, себебі бұған дейін мұндай жұмыс жүргізілмеген, үш жақты келісімдер рәсімделді, барлық әріптестерге танытқан төзімділігі үшін алғыс айтамыз. Мен жобаның нәтижелері туралы есеп бергенде америкалықтар қатты қуанды. Бұл операциялардың тарихында ешқашан мұндай нәтижелерге қол жеткізілмеген. Назар аударыңыздар, науқастардың орташа жасы 33 жасты құрайды, яғни бұл күш-қуаты толысқан адамдар. Біз оларды мүгедектіктен босатып, еңбекке қабілетті арнаға, ел экономикасына қайтарамыз. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ел экономикасы үшін тікелей оң экономикалық нәтиже $300 мыңды құрайды. Америкалықтар елімізде ТМД-дағы жалғыз Қазақстандағы Көз банкінің бөлімшесін ашқысы келеді, өйткені олар ілгерілеушілікті көріп отыр және олар тек көз банкін құру емес, елімізде қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесі шешілсе қасаң қабықты алу, дайындауға арналған технологиялар трансфертіне дайын – деп атап өтті Lions World Vision институтының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Сыпабеков Сейітжан.
Онлайн брифингтің қатысушылары қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың нашар дамуы мәселесін де талқыға салды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бұл бағытта жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатқанын, Денсаулық сақтау кодексіне және басқа да құжаттарға қажетті өзгерістерді талқылап, қабылдау үшін жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.