700-ге жуық медқызметкер Қытай дәрігерлерінің онлайн тренингіне қатысты
Алматыда 700-ге жуық медқызметкер коронавируспен күрес тәсілдерін үйрету үшін Қытайдан келген делегацияның онлайн тренингін тыңдады.
Онлайн тренингте Шыңжаң округіндегі достық госпиталінің аға медбикесі Ю Янься инфекциялық стационарды зарарасыздандыру тәсілдерімен бөлісті.
«Оқшаулаудың басты шарты – «1 науқас – 1 палата». Біз ауруханаларды 3 типке бөлдік. Жасыл – таза аймақ, сары – жартылай таза аймақ, қызыл – жұқтыру аймағы. Бұл аймақтардың әрқайсысын өзінше тазалайтынбыз. Орта есеппен күніне 2 рет зарарсыздандыратынбыз. Ауаны, қабырғаларды, еден мен құрал-жабдықтарды дезинфекцияладық. Толық зарарсыздандыруға 30 минут уақыт кетеді. Дезинфекциядан шыққан соң барлық материалдар жойылады», деді аға медбике Ю Янься.
Сондай-ақ ол қорғаныс костюмдерін кию, маска тағу, қолды қалай жуу керектігін көрсетті.
Өз кезегінде С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин Қытайдан келген дәрігерлерге алғыс білдірді.
«Ең алдымен осындай кездесу туралы уағдаластыққа қол жеткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамын. Бұрын-соңды көрмеген инфекциямен күресте бұл мамандардың келуі біздің міндеттерімізді айқындады. Ең алдымен медицина мамандары бұл вируспен күресуде білімін кеңейткені жөн. Сабаққа қатысқан дәрігерлердің сауалы өте көп. Қытай бұл вирусты аз уақытта тоқтата білді. Сондықтан олардың тәжірибесі, білімі біз үшін маңызды», деді С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин.
Айта кетейік, қытайлық дәрігерлердің коронавирус туралы онлайн сабағына қатысу – тегін. Бұл сабақтар тек қазақстандық қана емес, шетелдік мамандардың да қызығушылығын тудыруда. Бүгін семинарға Өзбекстаннан Самарқан мен Бұхараның дәрігерлері де қатысты.
Еске сала кетейік, бүгін Алматыға Қытайдан 10 маман коронавируспен күрес туралы білімімен бөлісуге келді. Делегация құрамында инфекционист, эпидемиолог, пульмонолог сынды мамандар бар.