Медициналық сақтандыру мамандары қалай даярлануда?
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің Денсаулық сақтау экономикасы және медициналық сақтандыру кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Құралбай Құрақбаевпен әңгіме.
– Құралбай Құрақбайұлы, Мемлекет басшысы МӘМС жүйесі жөнінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және халыққа биылғы Жолдауында атап көрсеткені белгілі. Жалпы, бұл мәселе еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарында қалай оқытылады? Медициналық сақтандыру жүйесінің елімізге тән ғылыми негізі жасалды ма?
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қалыптасуы – ұзақ уақытқа созылатын күрделі үдеріс. Әлбетте, сақтандыру жүйесіне қатысушыларды жаңа жағдайда жұмыс істеу, тыңғылықты және күнделікті іздену күтіп тұрғаны анық. Өйткені өтпелі кезең үнемі өз түзетулерін енгізеді. Дайын тұрған мінсіз рецепт жоқ. Бұл жүйеге медицина қызметкерлері де сақадай-сай болуы қажет. Себебі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – экономикалық қарым-қатынастарға негізделген жүйе. Соған байланысты басқару да, халық пен медицина қызметкерінің қарым-қатынасы да өзгереді. Осы мәселелер ескеріле отырып, министрліктің шешімімен былтыр қазан айын- да медициналық мекемелердің басшыларынан қызметкерлеріне дейін жаппай оқытыла бастады. 7 медициналық оқу орындарының ұстаздарынан жасақталған топ құрылды. Оқыту сәуір айының соңында аяқталады. Бағдарлама бойынша 7,5 мыңнан астам медициналық мекеме басшыларына, қаржы-экономика қызметкерлеріне үш күндік, ал 40 мыңға жуық қатардағы дәрігерлерге екі күндік семинар-тренинг өткізіледі.
Мұнда жаңа жүйенің енгізілу себебі, басқару саласының ерекшеліктері, құзырлы органдармен байланысы туралы және науқас пен дәрігер арасындағы қарым-қатынас қалай өзгереді, медициналық көмек қалай ұйымдастырылады деген мәселелерді талқылап, түсіндірдік. Медицина мекемелерінің алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Сондықтан мекемелердің барлығында жылжымалы топ құрылды. Олар халық пікіріне құлақ қоя отырып, мекеменің өз ішіндегі мәселелерін қарастырады. Бұл өз кезегінде медицина саласының сапасын жақсартуға серпін береді.
– Тың жүйенің қыр-сырына үйрететін оқытушы мамандар бар ма? Бұл мәселе қалай шешімін тапты?
– Оқытушы мамандар министрлік бағдарламасы бойынша арнайы дайындық курсында кажетті мағлұматтарды игерген болатын. Қазір оқытушы мамандар оқыту-түсіндіру жұмыстары бойынша қарқынды жұмыс жүргізуде. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті оқыту стандартына сәйкес таңдау компонентімен оқытылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негіздері жөнінде оқыту бағдарламалары әзірленіп, бекітілді. Дипломнан кейінгі білім алушыларға (интерн-дәрігер, резидент-дәрігер, магистрант, докторант) 54 және 108 академиялық оқу сағатына арналған оқу-жұмыс жоспарына сәйкес МӘМС негіздері курстары оқытылды. Білім алушылар курс соңында жүйенің негіздерін, мақсатын, қағидаларын, міндеттерін игереді.
Оқу бағдарламаларында медициналық сақтандырудағы халықаралық тәжірибе кеңінен пайдаланылып, дамыған елдердегі үлгілері кеңінен талқыланады. Мәселен, әлеуметтік сақтандыру Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия сияқты бірқатар мемлекеттерде, жалпы, 30-ға тарта елде бар. Елімізде жүйе ерекшеліктерін таңдау барысында осы елдердің тәжірибесі зерделенді. Алайда, бізде МӘМС жөніндегі оқыту материалдарының жоқтығынан білім алушылардың өздігінен іздену, дайындық жұмыстарын жүргізу барысында қиындықтар туып отыр.
– Бұл мәселелерді шешудің жолдары қандай деп ойлайсыз?
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі экономикалық-нарықтық қатынастарға негізделген, яғни басқару жүйе- сінде бизнес-процес көбірек орын алады. Сондықтан осы ортаға сәйкес басқару тәсілдерін кеңірек пайдалану керек. Ағымдағы жылдың басында Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева денсаулық сақтау саласында кәсіби басқарушы мамандарды дайындау- да көп кемшіліктердің барын баса айтып еді. Міне, жаңа жүйені саламызға нәтижелі түрде енгізу үшін медицина мекемелерінің басшыларын, қаржы және экономика бөлімдерінің мамандарын менеджмент саласында түбегейлі дайындықтан өткізу қажет. Ең бастысы, мамандардың алған білімін арнайы дайындалған бағдарлама арқылы сынақтан өткізу керек. Уақыт оздырмай арнаулы курстарда немесе медициналық сақтандыру жүйесі дамыған елдерде болашақ менеджерлерді дайындауы- мыз керек.
– Жоба аясында медициналық көмектің қолжетімдігі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Халық жаңа жүйенің еңгізілуіне байланысты медициналық көмектің қандай түрлері қолжетімді болатыны туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі шарты – бағдарлама қолжетімді болуы үшін әр азамат сақтандырылумен қамтамасыз етілуі қажет. Бір миллионнан аса белсенді жұмыс тобына қосылмайтын әлеуметтік әлсіз топтар мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Яғни, сақтандыру қорына мемлекеттік бюджет есебінен емнің ақысы төленеді. Екінші топ жұмыс берушілердің есебінен қамтамасыз етіледі. Үшінші топ – өзін-өзі қамтамасыз ететіндер. Олар – ресми түрде салық органдарында тіркелген азаматтар. Яғни медициналық сақтандыру жарнасы заңға сәйкес төленіп отырады. Осы топтарға қатысушы азаматтардың сақтандыру жүйесімен қамтамасыз етілетініне күмән жоқ. Алаңдататыны, өздерінің жұмыстарын ресми түрде тіркемей, күнделікті табысымен күнкөріс көзін жасап жүрген азаматтар тобы болып отыр. Бұл топқа кіретін азаматтар заңда белгіленген сақтандыру жарнасы төленбеген жағдайда сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық көмектерден тыс қалады. Біздің қоғамның алдында тұрған үлкен мәселе – осы топты ресми жұмыс істейтіндер қатарына тарту. Дүние жүзіндегі зерттеулердің нәтижесіне қарасақ, осы топқа кіретін азаматтардың денсаулығы төмен болады екен. Яғни медициналық көмектің көп түріне (күрделі операцияны қажет ететін) қажеттілік туады.
– Қолға алынып жатқан істердің ғылыми негіздей түсетін тұстары бар ма ?
– Осы уақытқа дейін әлеуметтік әлсіз топтың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмеген, яғни тұрмыс жағдайы төмен азаматтардың денсаулығын ғылыми тұрғыдан зерттеу кешенді жүргізілмеген. Осыған байланысты МӘМС жүйесін енгізу кезіндегі қиыншылықтарды жеңудің бірден-бір жолы – соңғы топқа енетін азаматтар денсаулығын ғылыми тұрғыдан зерттеу. Себебі, бұл санаттағы тұрғындардың денсаулығының төмендігіне байланысты медициналық көмекке жан-жақты шығын жұмсалады. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2013 жылғы зерттеулеріне байланысты, Франция табыс деңгейі төменге жататын 5 пайыз тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек жалпы медициналық көмектің 51 пайызын құрайды.
Бұрынғы енгізілген міндетті медициналық сақтандыру қоры 1999 жылы жабылып, денсаулық сақтау саласы мемлекеттік бюджеттің есебінен қаржыландыруға көшкеннен кейін МӘМС жүйесіне байланысты нысаналы ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Яғни, МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін тұрғындардың, оның ішінде әртүрлі топтар денсаулығының деңгейін ғылыми тұрғыдан зерделеу қажет. Халық сұранысы қажетті шығынды жоспарлауды анықтауға жол ашады.
Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»
Толығырақ: https://egemen.kz/article/meditsinalyq-saqtandyru-mamandary-qalay-dayarlanuda
Материалды көшіріп басқанда Egemen.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз!