1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіле бастайды
1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіле бастайды. Сондықтан аталған мерзімге дейін қалаған емханаңызға тіркеліп алғаныңыз абзал. Себебі дәл осы күннен бастап жұмыс беруші сіз үшін жалақыңыздың 1 пайызы көлеміндегі жарнаны өз есебінен медициналық сақтандыру қорына аударады.
Елдегі бұл жаңа жүйе медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттыруға серпін бермек. Жалпы екі тараптың да жауапкершілігі күшейеді. Дәрігерлер сапалы қызметімен жұрттың сенімінен шығуға тырысса, науқастар да қордан бөлінген қаржыны тиімді пайдалануға дағдыланады. Мұны елдің бас дәрігері Елжан Біртанов Алматыда өткен жиында айтты. Әлеуметтік қорғалмаған 14 санаттағы адамдар үшін тиісті жарнаны сақтандыру қорына мемлекет аударлмақ. Бұл санатта жұмыссыздар да бар. Жұмыспен қамту қызметі жұмыс тауып бере алмаған жағдайда, жұмыссыз дәрежесін алу керек. Ал өз-өзіңізді еңбекпен қамтып, табыс тауып отырған болсаңыз, айына 1 414 теңге төлеп, медициналық сақтандыру алуға болады.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: Қазіргі заң жоба бойынша 1 қаңтардан бастап мемлекет төлей бастайды. 3,75 пайыз жұмыс істемейтін адамдарға, балаларға қарап отырған адамдарға, мүгедек, пенсионерлерге. Ал, жұмыс істейтін азаматтар тек қана 2019 жылдан бастайды, тек бір пайыз төлейді. Ал жұмыс берушілер осы бірінші шілдеден бастап 1 пайыздан бастайды.