ҚАЗАҚСТАН – БАҚ ҚОНҒАН ЖЕР
Менің есімім – Димрал Саид Сабер. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің жалпы терапия мамандығы бойынша интернатурасының 7-курс студентімін. Мен Қазақстанға Ауғанстаннан 2011 жылы келдім. Алғашқы күннен бастап бізді қонақжай ел мейіріммен, құрметпен, өте жылы қарсы алды. Қазақстанда оқыған уақытым менің өмірімнің ең керемет кезеңі. Мен әр түрлі топта, көптеген адамдармен, көптеген ұлт өкілдерімен бірге оқыдым. Осы уақыт аралығында біз бір үйдің балалары, бір отбасы сияқты болып кеттік.
Қазақстан өте бай, құт қонған ел. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және қазақ ұлтының кеңпейілдігінің арқасында 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатыр. Мен Қазақстанға келген алғашқы кезеңде: «Қазақтардың бойында қандай ерекше қасиет бар? Оларға Құдай неліктен осынша бай жер мен әдемі табиғат берген? Олардың қандай құпиясы бар?» деп жиі ойланатынмын. Қазақстанда бірнеше жыл өмір сүргеннен кейін мен бұл сұрақтың жауабын таптым: Қазақтар өте қарапайым және мейірімді жандар. Адам баласы үшін кек сақтамау өте маңызды қасиет және ол қазақтардың бойынан табылады. Олар адамгершілікті жоғары бағалайды. Үлкенмен де, кішімен де, өз туысымен де, тіпті бөтен адамдармен де бірдей сыйластықпен араласады. Әрине, қазақ болсын, орыс болсын, өзбек, испан немесе француздар болсын, әр ұлтты басқалардан ерекшелеп тұратын өз қасиеттері, ерекшеліктері болады. Әр ұлттың өз салт-дәстүрі, өздеріне тән тәрбиесі болады. Бірақ та қазақтардың бойындағы бірін-бірі құрметтеуі, ерекше тәрбиелігі мені таңқалдырып келеді. Қазақ жері – бақ қонған мекен. Саясат жағынан алып қарайтын болсам, қазақ халқының ата-бабалары өз заманында ержүрек, қайсар, көреген саясаткер болған деп ойлаймын. Басқа елдермен салыстырғанда, өз ұрпағына кең байтақ даланы мұраға қалдырып кеткен. Ол кез-келген халықтың қолынан келе бермейді. Қазақстанға алғашқы келген кезде мен қазақша бірде-бір әріп білмейтінмін. Бірақ қазақтарда бір мақал бар: «Тілге құрмет – елге құрмет». Бұл мақалды оқып, менің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығым оянды және мен қазақ тілін оқып үйрене бастадым. Қазақ тілін үйренген соң, оның қаншалықты бай тіл екенін ұқтым. Мен шет ел азаматы болсам да, қазақ тілін үйреніп, еркін сөйлесе алатыныма қуаныштымын.
Қазақтар табиғатты, тазалықты, тәртіпті ұнатады. Әрқашан олардың бойынан табылатын қасиеттер: ақкөңілдік, тазалық және тәртіптілік. Олар әрқашан үлкендерді «сіз» деп сыйлайды, әрқашан құрметтейді. Қазақстанда қайда барсаң да, тазалық, мейірімділік, достыққа толы ортаға жолығасың. Маған ұнайтын ерекшелігі — олар ешқашан тамақ болса да, су болса да, тіпті тегін нәрсені де ысырап жасамайды. Олар жасы үлкен кісілерге, нәзік жандылар мен балаларға ерекше қамқор. Қайда болса да әрқашан қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын, оларға әрқашан жол беріп, орын беріп жүреді. Қазақтардың бұл қасиеті мені әрқашан таңқалдырып келеді. Бұл ғажап халықтың өзге де тамаша салт-дәстүрлері бар. Мысалы, сәби дүниеге алғаш келгенде, сәбидің есімін атасы мен әжесі қояды. Бұл да үлкенге құрметтің бір көрінісі. Ас ішуге отырғанда келген қонақ немесе үйдің үлкендері дәм татпай, ешкім ас ішуді бастамайды. Олардың тойына жаңа қонақ ретінде бара қалсаң, сені ерекше қонақжайлылықпен, құрметпен қарсы алады. Үйге қонақ келген күні үй иесі бар уақытын асүйде тағам дайындаумен өткізеді. Үйдегі бар тәттіні, бар жақсыны қонақтың алдына қояды, бар жақсы қонақтікі деп санайды. Өздері де тойға, қонаққа барғанда құр қол келмейді, әрқашан сыйлық немесе сыйлық ретінде қаражат, ал ең бастысы – жаңадан шаңырақ құрып жатқан отбасына қолдау көрсетіп, үлкен сыйлықтар алып барады. Тойға келген қонақтардың бәріне құттықтау сөз беріледі. Мен қазақ тойында болғанда, маған да сөз кезегін берген еді. Менің өз елімде мұндай салт болмағандықтан, мен таңқалдым. Бұл — менің өмірімдегі ұмытылмайтын сәттер. Бұл – қазақтардың қонақжайлығының дәлелі.
Қазақ халқы жаны таза қарапайым халық. Менің ойымша, қазақ болып туылу – үлкен мәртебе. Себебі, қазақтардың бойында басқа ұлт өкілдерінен байқалмаған, маған ұнайтын керемет қасиет бар. Қазақтар ешқашан кек сақтамайды. Олар ақкөңіл, кеңпейіл, шыншыл жандар. Қазақтар араласқан адамдарымен әрқашан тату, жүректері мейірімге толы, әрқашан жаныңа жылу сыйлауға, көмектесуге дайын тұрады. Олардың басты айырмашылығы – кеңпейілдігі. Мен шын көңіліммен қазақтардан кек сақтамауды, мейірімді, адамдарға түсінушілікпен қарауды үйренгенімді мойындаймын. Олар ешқашан ешкімге жаман көріп, кектеніп қарамайды, мұндай қасиет оларға жат. Өз балаларын үлкенді құрметтеуге үйретеді. Сондықтан қазақ халқында үйдің үлкені – ең сыйлы адам. Сонымен қатар, үлкендер де балаларға үлкен сүйіспеншілікпен, махаббатпен қарайды. Тіпті, ең қиын замандарда да ата-аналар балаларын ұмытпай, аса қамқор болған. Қазақтарда ерте заманнан жолда кездескен бейтаныс жолаушыны үйге шақырып, ас беріп сыйлау бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Қазақ халқы жайында сөз болғанда, қазаққа тән бір-біріне деген өзара көмек, өзара сыйластық жайлы айтпай кету мүмкін емес.
Менің Қазақстанда өткізген әрбір минутым алтыннан да қымбат. Себебі, ол махаббатқа, әдемілікке, бақытқа толы. Осындай кеңпейіл, қонақжай, жылы жүзді қазақтар ортасында біліммен қатар тәрбие, өнеге алғаныма өте қуаныштымын.
Қазақстан маған ашық жүрегімен махаббат сыйлады және мен де Қазақстанды барынша жақсы көріп өтемін. Қазақстан — менің екінші Отаным!
Димрал Саид Сабер, ауғанстандық студент.