Тіл және мәдениетаралық коммуникация
2021 жылы 01 сәуір күні Жастар саясаты басқармасының тәрбие жұмысы, студенттерді әлеуметтік қолдау және мәдени-шығармашылық жобаларды жүзеге асыру бөлімі, Жалпы медицина-1 мектебінің «Тілдік пәндер» кафедрасы ҚР тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған гуманиатарлық бағыттағы 100 кітапты аудару бастамасын қолдау мақсатында, лингвист-ғалым Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты кітабы бойынша онлайн іс-шара өткізді.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «2017-жылдың 12-сәуірінде «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында:
«Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз.
Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн.
Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?
Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз.
Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады»,- деген болатын.
Іс-шара шымылдығын ашқан Жастар саясаты басқармасының бас маманы Жармағанбет Рымкеш Уахитқызы: «Елбасының бұл бастамасының еліміздегі білім саласының сапасын арттырудағы маңызына жан-жақты тоқтала келіп, бүгінгі іс-шараны осы мәселе бойынша атқарылған жұмыстардың есебі ретінде қарау керек екендігін атап өтті.
Тілдік пәндер кафедрасының доценттері Т.Қ. Зайсанбаев пен Ф.Б. Қожахметова және аға оқытушысы А.Р. Абдықадырова осы кітаптағы тіл мен мәдениет арасындағы байланыстарды ашып көрсетіп, әр халықтың өзіне тән дәстүрін, мәдениетін білмеу көп жағдайда түсініспеушілік тудыратынын сөз етті. Олар тілді әр халықтың мәдениетімен байланыстыра оқытуда бұл кітапта айтылған ойлардың маңызы зор екеніне тоқталды.
Іс-шараны жүргізу тізгінін қолға алған ЖМ-020-027-2 тобының студенті Ерікқызы Айғанымның еңбегін атап өткен жөн. ЖМ-020-027-1 тобының студенттері Кан Айсен мен Хайруллина Дильназ Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» және М.Оспановтың «Қазақ тілім ғажап тілі қылышым» өлеңдерін нақышына келтіріп оқыса, фармация мектебінің ФӨТ-20-002 тобының студенті Тұрыспаева Жанель «Мен қазақпын» әнін айтып, іс-шараның сәнін келтірді.
Тілдік пәндер кафедрасының меңгерушісі А.Т. Бақтыбаева іс-шараны қорытындылап, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айтты.
Жастар саясаты басқармасы, Тілдік пәндер кафедрасы