Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!
Дипломнан кейін білім беру факультетінің білім алушылары, деканат қызметкерлерінің қолдауымен және травматология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен Қазақстан Республикасының 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Тәуелсіздік жылдарында медицина саласында жетістікке жеткен қазақстандықтардың жетістіктерін дәріптеу жобасы бойынша қандасымыз, ҚазҰМУ-дің түлегі, Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың директоры, Ph.D докторы, хирург, жоғары санатты травматолог ортопед Моңғол Анарбек мырзамен «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында онлайн кездесу өткізді.
Моңғол Анарбек мырза білім алушылармен әңгіме барысында қысқаша еңбек жолы туралы айтып кетті.
«Мен 2005 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітіріп, 2006 жылы хирургия даярлық бағыты бойынша интернатураны тамамдадым. Өзімнің еңбек жолымды 2006 жылы Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада травматолог-ортопед дәрігері болып бастадым. 2009-2010 жылдары травматология бөлімінің меңгерушісі, 2011 жылы аталаған аурухананың директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 2011-2016 жылдары аралығында Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада травматология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істедім. 2016-2018 жылдары Талдықорған қаласындағы жаңадан ашылған көпбейінді қалалық ауруханада травматология-ортопедия, нейрохирургия бөлімшелерін ашып, сол жерде қызмет жасадым. 2018 жылы Калифорния университетінде Ph.D докторы ғылыми дәрежесін қорғадым. 2019- 2021 жылдары Алматы қаласында ҚДСБ «№ 4 Қалалық клиникалық ауруханасы» бас дәрігерінің медициналық бөлім жөніндегі орынбасары, 2019 жылдары Алматы қаласында жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу жөніндегі жол картасы бойынша үйлестіруші қызметін атқардым. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың директоры қызметін атқарып жатырмын».
Дипломнан кейін білім беру факультетінің деканы А.Н.Баймаханов кештің қонағының өмірбаянын толықтыра отырып, Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғанан кейін алыс-жақын шетелдерден қандастарымыз Отанына оралғанын, сол көштің алғашқылары болып Моңғол Анарбек мырзаның ата-анасы да елімізге келгенін, тәуелсіздіктің арқасында сол қандастарымыз бүгінгі күнде еліміздің отыз жыл ішіндегі жетістіктеріне, толағай табыстарына өз үлестерін қосып отырғанын айта кетті.
Кездесу бұдан әрі сұрақ-жауап түрінде жалғасты.
– Бүгінгі кездесуіміз «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында болғандықтан, медицина саласындағы қол жеткен табыстарға тоқталсаңыз.
– Әрине, алғашқы еңбек жолын бастағанда, алдымызға үлкен мақсаттар қойып, университеттен жалындап шыққан болатынбыз, жұмыс барысында өмір шындығымен бет-бет келген кездерде қиналған кездеріміз болды. Ол кездерде дәрі-дәрмек тапшылығы болды, құрал-жабдықтар жетіспеушілігі, басқа да қиыншылықтар болды. Мысалы, травматология саласын айтсам, осыдан он бес жыл бұрын аудандық ауруханаларда, тіпті облыстық ауруханаларда тізе буынын, ұршық буынын алмастыру оталары жасалмайтын. Бірақ Елбасының медицина саласын дамыту бойынша ұсынған бағдарламалары жүзеге асыру барысында көптеген өзгерістер ене бастады. Тек травматолгия-ортопедия ғана емес, хирургияда, басқа да мамандықтар бойынша медициналық көмек көрсетудің жаңа үлгілері, жаңа көзқарастар, шетелдік жоғары технологиялар, әдіс-тәсілдері, ота жасау ене бастады. Мемлекетіміздің қолдауымен жас мамандар шетелдерге барып, тәжірибе алып, сол тәжірибелерін елімізде қолдана бастады. Қазіргі таңда бүкіл Батыс Еуропадағы, Америкадағы, әлемдік деңгейде жасалатын оталар Қазақстанда да жасалып жатыр. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің басты жетістіктерінің бірі деп санаймын.
– Қазіргі кезде жас дәрігерлер шет елге кетіп жатады, бір жағынан бұл жақсы да сияқты, тәжірибе жинау, медициналық көмектің озық үлгілерін үйрену, екінші жағынан алсақ, сол адамдар сол жақта қалып, жұмыс жасап жатыр. Бұл туралы ойыңыз.
– Біз жас мемлекетпіз, бірақ жылдан жылға дамып келе жатырмыз, бұрынғы жалақыны қазіргі жалақымен салыстыруға болмайды. Соңғы жағдайларға байланысты да дәрігерлердің жалақысы көтеріліп жатыр. Шетелге кетіп, сол жақта қалып жатқандарды құптамаймын. Біз дәрігер мамандығын өзіміз таңдап алдық, ешкім бізді күштеп медицина саласын таңда деген жоқ, өз таңдауымыз. Сондықтан Отан үшін, халық үшін қызмет етуіміз керек. Шетелден өз еліне оралған азамат ретінде айтарым, менің әжем Қазақстан жеріне келгенде топырақты сүйіп, еліне деген сағынышын солай жеткізген, «басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп, ата-бабамыз дұрыс айтқан. Отанымызды сүйейік, құрметтейік, халқымызға еңбек етейік.
– Бүгінгі жас буынға, еңбек жолын жаңа бастаған мамандарға, сіздерде тәжірибе алып жатқан болашақ дәрігерлерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз.
– ҚазҰМУ-дің көптеген түлектері біздің емдік мекемеде қызмет етіп жатыр, сонымен қатар резидентер де аймақтық оқуға келіп, білімін тәжірибемен ұштастыруда. Жастар алдына қойған мақсаттарына жету үшін, жақсы дәрігер болу үшін көп еңбек ету керек, іздену керек, клиникалық тәлімгерлердің айтқанын істеп, әр кезде ақыл-кеңес сұраудан жалықпау керек. Ең бірінші кезекте білім керек, ізденіс керек, сонымен қатар әрбір дәрігер өз мамандығын жақсы көріп, қызығушылық танытып, қажымай-талмай еңбектенуі тиіс. Қойылған талаптарды уақытылы, тиянақты орындап отырған жөн. Сонда ғана еңбегіңіз алға басып, жемісін береді, жұмысыңыз бағаланады.
Кездесу соңында қонағымыз түлектерге ақ жол, сәттілік тілеп, университет басшылығына және оқытушы-профессорлар құрамына шексіз алғысын айтты.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ішінде тындырылған істердің барлығы ел болашағы – жас ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін жасалуда. Болашақ түлектер, сіздер де ертең Қазақстан медицинасының қара шаңырағы, тоқсан жылдық тарихы бар университетімізді бітіріп, осы жарқын істерді жалғастырасыздар. Сондықтан білікті маман иесі болып, еліміздің көркейіп, кемелденуіне үлестеріңізді қоса беріңіздер!
Қымбатты оқытушы-профессорлар құрамы! Бізге білім мен тәрбие беріп, емдеу ісінің қыр-сырын қажымай-талмай үйреткендеріңіз үшін алғысымыз шексіз! Университетіміз одан әрі көркейіп, медицина мамандарын даярлауда жаңа жетістіктерге жете берсін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!»