ҚазҰМУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың халықаралық стандартына көшеді
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ISO 37001 Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл парақорлықтың алдын-алуға мүмкіндік беретін менеджмент жүйесі. Бұл туралы «2022 жылдың 01 ақпанындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесінде айтылған тапсырмасы аясында С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар мен міндеттер» тақырыбындағы семинар барысында университет ректоры Талғат Нұрғожин атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бағыттарын түбегейлі қайта қарастыруға шақыра отырып, сондай-ақ құзырлы органдардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Ол кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске баса мән беру қажеттігін ескертті.
«Жауапты министрліктер осы бағыттар бойынша сыбайлас жемқорлықты жүйелі негізде жою жоспарын әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Семинар барысында ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин атап өткендей, университет соңғы жылдары реформалар жүргізу, барлық үдерістерді автоматтандыру арқылы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша қарқынды жұмыстарды алға қойған.
«Қазіргі таңда біз негізгі іс-шараларымыздың 96 пайызын автоматтандырдық, сондықтан бәрін оңай көруге болады. Мысал ретінде студенттердің жатақхана алу үрдісі қазір өте оңай. Сіз тіркелу, өтініш беру барлығын көруге болатынын жақсы білесіз. Бұл ғана емес, егер бөгде араласу орын алған жағдайда сандық із қалуы ықтимал.
Оқу жетістіктерін бақылау, бағалау функцияларымен білім алушылардың сабаққа қатысуын, ведомстволық есептердің әр түрлі түрлерін, үлгерім журналын, компьютерлік тестілеу үрдісін бақылау тарихын ұйымдастыруға автоматтандыру енгізілді. Университет 2018 жылдан бастап ұлттық тәуелсіз емтихан орталығына бүкіл қорытынды бағалау процесін тапсырды. Оқытушылар емтиханды өздері қабылдамайды, емтиханды тәуелсіз адамдар қабылдайды. Біз барлық процесті тәуелсіз емтиханға берген алғашқы университетпіз. Бұл бітіруші студенттердің жетістіктерінің ашықтығын көрсетеді», – деді ректор.
Сондай-ақ, ол 2021 жылдың қазан айында Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментімен 2021-2022 оқу жылына арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша кешенді жоспар келісілгенін жеткізді.
«Біз Үкіметтің қаулысына дейін комплаенс-офицер лауазымын енгізген алғашқы университетпіз. Комплаенс-офицердің жұмысына ISO 37001 сертификатын алу бойынша іс-шаралар кіреді. Сертификат алу және барлық іс-шаралардан өту өте маңызды. Сертификат алғаннан кейін қабылданған барлық шараларды сақтаудың маңыздылығы да кем емес», – деп түйді ректор.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы К. А. Салимбаев жиналғандарды Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдауға шақырды. Ол ведомствоның негізгі міндеті сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу болып табылатынын алға тартты.
«Әрқайсымыз ертең қандай нәтиже, салдары болатынын түсінуіміз қажет. Әрбір студент жақсы білім алып, білікті маман болуы қажет. Құрметті әріптестер, студенттер, біздің Президентіміз жаңа өзгерістерге, прогреске шақырады, біз бәріміз Президенттің саясатын қолдауға міндеттіміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тұжырымдамасына сәйкес біз дәл тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтетін боламыз. Қандай да бір шағын сыйақымен сессия, сынақтан өту тұрмыстық сыбайлас жемқорлық болып табылады. Бізге адамдар күнделікті тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келмес үшін осындай тапсырма берілді. Университеттерде осы мәселемен айналысатын, себептерін анықтайтын комплаенс қызметтері енгізілді.
Өкінішке орай, көптеген адамдар: «Бұл мәселенің маған қатысы жоқ. Бұл басқа адамның, көршінің мәселесі, біз сыйақы алатын адамды айыптай аламыз. Бұл әрине жаман. Біз бір – біріміз үшін алаңдауымыз қажет, ескертуіміз қажет, біз бір мемлекетпіз, және өзіміз аз ғанамыз», – деді ол.
Ол жаңа тұжырымдамаға сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік күшейтілетінін, сондықтан барлық қызметкерлердің жұмысын қайта қарау және студенттердің өздеріне заң бұзу ниетінен аулақ болу қажеттілігін атап өтті.
Сондай-ақ семинар барысында «ИСО енгізу агенттігі» ЖШС Бас директоры Анатолий Владимирович Бандуро ҚазҰМУ стандартты енгізу процесіне тоқталды. «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Токушев Қайыржан Ахметбекұлы білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар туралы баяндама жасады.