ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШ РЕТ ЕРГЕЖЕЙЛІ БАЛАЛАРҒА СҮЙЕКТЕРДІҢ ӨСУІНЕ ӘКЕЛЕТІН ИНЪЕКЦИЯЛАР ЕГІЛЕ БАСТАДЫ
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Ақсай» клиникасының базасында ел тарихында алғаш рет балаларды ахондроплазиядан яғни, бала кезінде ергежейлілікке әкелетін даму кемістігінен процедуралық емдеу өткізілуде. Аталмыш дерт 22 мыңға жуық жаңа туған нәрестелердің біреуінде кездеседі. Әлемде мұндай балалар 250 мыңнан асады. Қазақстанда метафиздік дисплазияның әртүрлі формалары сүйек құрылымындағы бұзылулары бар 200-ден астам бала бар.
Ауру FGFR3 генінің мутациясымен байланысты ұзын түтікшелі сүйектердің өсу қабілетін жоғалтуға әкеліп соқтырады. Нәтижесінде, ересек жастағы әйелдерде өсу 125 сантиметрден, ал еркектерде 130 сантиметрден аспауы ықтимал. Иық және жамбас сүйектерінің жетілмеуіне байланысты қол-аяқтар қысқа болады. Сүйектердің өзі де қисық және бұдырлы болып, одан әрі де деформацияға ұшырайды. Сұқ саусақ пен ортаңғы саусақтар бір-біріне жақын орналасқан. Аяқтардың қисаюы да орын алады: олар X немесе O пішінін алуы мүмкін. Сонымен қатар, шынтақ пен тізе буындарының қозғалысында шектеулер бар.
Ауруды стандартты емдеу әдістері симптоматикалық болып табылады, яғни өсу гормоны (соматотропин) қолданылады, ол кем дегенде өмірінің алғашқы жылында сүйектің өсу қарқынын аздап арттырады. Бұл гормон ұзақ уақыт аралығында инъекция түрінде ұйықтар алдында гормонның физиологиялық секрециясын имитациялау үшін енгізіледі.
«Ақсай» клиникасының базасында 10 наурыздан бастап балалар жаңа препарат восоритид (Воксзого, Voxzogo) инъекциясын қабылдауда. Клиника Қазақстан бойынша осындай емдеу жүргізілетін бірінші және жалғыз орталық болып табылады. Препарат ахондроплазияны емдеуге арнап әзірленген. Оның тиімділігі препараттың сүйек өсу қарқынын 95 пайызға арттырғанын дәлелдеген клиникалық зерттеулермен расталды (ауруы бар балалардағы өсудің баяулауын ескере отырып). Дәрі АҚШ-та 2021 жылдың қарашасында және Еуропалық одақта 2021 жылдың тамызында мақұлданды. «Қазақстан халқына» қоры осы мақсаттарға 907 миллион теңгеден астам қаражат бөлді (шамамен 2 миллион доллар).
– Өткен жылдың наурыз айынан бастап ахондроплазия диагнозымен ауыратын 10 баланы дәрі-дәрмек қамтамасыз ету қайырымдылық жобасы басталған. Яғни, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Ақсай» балалар ауруханасына тіркелген балалар таңдалды. Бүгінде аталған 10 балаға ем-дом қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Қайырымдылық жобасының жылдық жалпы соммасы 1,900 000 еуроны құрайды. Қазақстанда жаңа препарат восоритид инъекциясымен емдеу алғаш рет жүзеге асырылуда. Аталған емдеу шараларының операциясыз жоғарғы және төменгі сүйектердің өсуіне үлесін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген үлгіде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры толыққанды восоритид (Воксзого, Voxzogo) препаратымен қамтамасыз етеді, – деді «Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Эльмира Алиева.
– Балаларды іріктеу барысында медициналық консилиум өткізілді, үміткерлер «Қазақстан халқына» қорымен және Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігімен талқыланды. Барлық іріктелген балалардың түтікшелі сүйектері өсіп жатыр (яғни өсу аймағы жабық емес). Балалардың бойын өсіруге мүмкіндік бар, – дейді «Ақсай» балалар ауруханасының «Ортопедиялық балалар» бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер Исамдун Харамов.
–. Бірінші рет Қазақстанда оларға арнайы дәрі-дәрмек салынып жатыр. Емнің мақсаты – балалардың бойын өсіру. Осы уақытқа дейін мұндай науқас балалар Қазақстанда немесе шет елде Илизаров аппаратымен ғана аяқ-қолын создыратын. Қазіргі уақытта восоритид препаратымен балалардың бір жылда 5 сантиметрге дейін бойы өсетін болады. Ал, бір балаға жылына 36 қорап препарат қажет, – дейді дәрігер.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Ақсай» балалар клиникасының базасында науқастар 10 инъекцияны қабылдаған соң, қалғанын тұрғылықты жері бойынша емханада алады. Науқастарға ем жасау балалардың өсуі тоқтағанға дейін, яғни түтікшелі сүйектердің өсу аймағы жабылғанға дейін жалғасады, мұны ортопед анықтайды.