Алматыда әлемнің 20 елінен келген жас ғалымдардың ғылыми жобаларымен ауқымды форум өтеді
5-6 маусымда Алматы қаласында өскелең ұрпақтың шығармашылық белсенділігін ынталандыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе және зерттеу нәтижелерімен ақпарат алмасу үшін академиялық қауымдастықтар, зерттеушілер мен жас ғалымдардың басын қосуға бағытталған «Asfen.Forum, жаңа буын – 2023» 1-ші Халықаралық форумы өтеді.
Форумның негізгі міндеті – білім беру, ғылым, тәжірибе және бизнесті интеграциялау аясында ұзақ мерзімді ынтымақтастық мақсатында тәжірибеші ғалымдар арасында нетворкинг және бірлескен байланыстар орнату үшін платформа құру болып табылады.
Форумға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің шетелдік және отандық серіктес жоғары оқу орындары, алыс-жақын шетел ғалымдары, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар, ғылыми қызметкерлер, профессор-оқытушылар құрамы, клиницистер, инвесторлар, тәлімгерлер, жас ғалымдар және басқа да мүдделі тұлғалар қатысады.
Қытай, Ұлыбритания, Ирландия, Финляндия, Түркия, Словения, Индонезия, Оңтүстік Корея, Польша, Испания, Австрия, Нидерланды, Литва, Иран, Германия, АҚШ, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей сынды 20 мемлекеттен келген жас ғалымдар делегацияларының қатысуы туралы мәлімделді.
«Ұлттық экономиканың инновациялық даму жолына көшуі адами әлеуетке бағытталған ауқымды инвестициямен байланысты болмақ. Инновациялық әлеует – ұлттық экономиканың әлемдік экономикалық жүйедегі орнын анықтайтын стратегиялық ресурс болып табылады. Білім беру, ғылым мен тәжірбиенің әртүрлі деңгейлері мен ұйымдастыру формаларын интеграциялау үрдісі – біртіндеп әлемнің барлық елдерін, соның ішінде Қазақстанды да қамтитын үрдіс», – деді ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Форумда «Кардиология», «Онкология», «Гинекология», «Педиатрия», «Хирургия», «Урология», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Биомедицина», «Фармация», «Стоматология», «Спорттық медицина және оңалту» және «Мейірбике ісі» секцияларында ғылымның түрлі салаларының өзекті мәселелері қарастырылады.
Жас ғалымдар «Аллергияға қарсы вакцина», «Жасушалық терапия – Қазақстандағы церебральды сал ауруын емдеудің перспективалы әдісі», «КРТ бағдарламаларында коронавирустық инфекцияның ерлердің репродуктивті денсаулығына әсері», «Сәулелік терапиядағы жасанды интеллект және машиналық оқыту», «COVID-19 пандемиясының Алматы қаласында туберкулезді емдеудің тиімділігіне әсерін бағалау», «Талғар қаласында жіті ішек диареясының өршуі, Қазақстан, ақпан 2023 жыл» сияқты бірқатар қызықты баяндамалар ұсынады.
6 маусымда Қазақ ұлттық университеті «Ғылым қоры» АҚ-мен бірлесіп бизнес серіктестерге жас ғалымдардың ғылыми жобаларының питчингін ұйымдастырады. Барлығы 10 жоба ұсынылады. Питчинг қатысушылары кәсіпкерлер мен ғалымдардан кері байланыс алады.
«Asfen.Forum, жаңа буын – 2023» аясында жас ғалымдарға үздік ғылыми әзірлемелер үшін жалпы 5 700 000 теңге материалдық қолдау көрсетіледі. Барлығы 1, 2, 3 орындардан 12 жеңімпаз анықталады, 300 мың теңге көлемінде Гран-при беріледі.
Форумның негізгі спикерлері:
- Ханс Клюге – ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының басшысы.
- Скендер Сила – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) өкілі және ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы.
- Мелитта Якаб – ДДҰ-ның алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Еуропалық орталығы Кеңсесінің басшысы (Алматы, Қазақстан).
- Мартин Макки – CBE, MD DSc FМedSci профессоры, Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры, Еуропалық қоғамдық денсаулық сақтау қауымдастығының бұрынғы президенті, Денсаулық сақтау жүйелері мен саясаты жөніндегі Еуропалық обсерваторияның зерттеу директоры.
- Құлжанов Мақсұт Кәрімұлы – С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Денсаулық сақтау саясаты және менеджменті кафедрасының профессоры.
- Алшынбаев Мырзакәрім Кәрімұлы – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, м.ғ.д., профессор, Қазақстан урологтар Қауымдастығының президенті, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ урология кафедрасының меңгерушісі.
- Синчжи Сюй – PhD, профессор, Шэньчжэнь университетінің Медицина мектебінің атқарушы деканы, Шэньчжэнь.
- Синьчунь Чен – PhD, Декан, Іргелі медицина ғылымдары мектебі, Шэньчжэнь университеті
- Александр Вагнер – Data Scientist BIOTRONIK SE & Co. KG (Center for Clinical Research), Berlin. Ph.D. (Candidate of Technical sciences).
- Милен Минков – м.ғ.д., м.ғ.к. Зигмунд Фрейд университетінің педиатрия профессоры, Флоридсдорф клиникасының педиатрия бөлімінің бастығы және CCRI St халықаралық LCH зерттеу орталығының төрағасы, Anna Kinderkrebsforschung Вена, Австрия.
БАҚ өкілдерін бірінші ауқымды халықаралық «Asfen.Forum, жаңа буын – 2023» келуге шақырамыз. 2023 жылдың 5-6 маусым күндері Төле би көшесі 94 мекен-жайы бойынша өтеді.
Аккредиттеу мәселелері бойынша – 87077888308 (Адиль), 87777000700 (Марина).
Анықтама. Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қазақстандық ғылым көшбасшыларының бірі болып саналады. Біздің ғалымдар медицина, фармация, биоинженерия және кейіннен басқа мамандардың жұмысын жеңілдететін басқа да салалардағы біртұтас жобалармен жұмыс істейді. Тек 2019-2022 жылдары аралығында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қызметкерлері 689 мақала жариялады, олардың ішінде Scopus – 419, WoS – 270 шетелдік рецензияланатын журналдарында жарық көрген. Тек 2022 жылы рецензияланған импакт-факторлық журналдарда WoS – 91 мақала, Scopus – 134 мақала мен шолулар, барлығы 225 мақала жарияланды. Ал 2023 жылғы Хирш индексі бойынша Қазақстанның ұлттық рейтингінің нәтижелері бойынша біздің жоғары оқу орны ҚБТУ, КИМЭП және Назарбаев Университетінің медицина мектебінен озып, барлық басқа қазақстандық медициналық университеттерді артта қалдырып, үздік 5 ғылыми ұйымның қатарына енді.