С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Ментальды денсаулық: психоәлеуметтік аспектілер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілуде
Бүгін Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде әлемнің жетекші психотерапевттері, наркологтары және басқа да психикалық денсаулық саласының мамандары бас қосты. Төрегелді Шарманов Даңқ залында сарапшылар психикалық бұзылыстарды диагностикалау және емдеу саласындағы жаңа әзірлемелерін таныстырады. Өзінің құттықтау сөзінде ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов мұндай конференцияларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Психикалық денсаулық бүкіл әлемдік денсаулық сақтау саласының шешілмеген күрделі проблемаларының бірі болып табылады. Психикалық денсаулық проблемалары жасына, жынысына, ұлтына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан кез келген адамға әсер етуі мүмкін. Әлемде және әсіресе жекелеген елдерде болып жатқан оқиғалар психикалық денсаулық жағдайына әсер етпеуі мүмкін емес, адамзат миллиондаған адамдардың өмірін қиған және планетаның әрбір дерлік тұрғынының өмірі мен денсаулығына нұсқан келтірген коронавирустық пандемиядан аман қалды. Геосаяси сілкіністер, экономикалық дағдарыстар, экологияның нашарлауы сынды ментальды денсаулыққа кері әсер ететін факторлардың тізбесі ұзақ уақыт жалғастыруға болады», – деді Қазақстанның жетекші медициналық университетінің ректоры.
Марат Шоранов Қазақстандағы психикалық мәселелердің күрделілігін статистикалық деректер растайтынын, оған сәйкес 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері, сондай-ақ аяқталған суицидтер санының өскенін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіби кадрлардың жеткіліксіздігі бұл салада маңызды аспект болып қала береді. Қазіргі уақытта С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде психиатрия бірнеше білім беру бағдарламалары бойынша оқытылады. Биыл Қазақ қыздар педагогикалық университетімен бірлесе «Клиникалық психология» жаңа қос дипломды білім беру бағдарламасы енгізілуде, кафедра оқытушылары үнемі біліктіліктерін арттыруда. Үкімет психикалық денсаулықты сақтау бағытында қарқынды жұмыстар жүргізуде. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі психикалық ауытқулары бар науқастарды емдеу тәсілдерін жетілдіру, қоғам үшін де күрделі мәселе болып табылатын нашақорлықпен күресу, психиатриялық кабинеттер ашу, мамандарды даярлау және медицина мамандарының біліктілігін арттыру және медицина мамандарының біліктілігін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының бас директоры Қуаныш Алтынбеков сырқаттанушылық статистикасын келтіріп, психикалық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жоспарларын тізбектеп өтті.
«2023 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша психикалық денсаулық орталығында 303 284 адам, яғни Қазақстан халқының 1,5 пайызы динамикалық бақылауда болды. Олардың 64,4 пайызы (195 299) психикалық ауытқушылықпен, 35,6 пайызы (107 985) нашақорлықпен ауырады.
Біздің орталық жүйелі түрде өңірлерді негізгі ауруға сәйкес саралау жүргізеді. Қазақстан Республикасында 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында белсенді заттарды қолданбай психикалық ауытқулардың бастапқы деңгейі 100 мың халыққа шаққанда 29,2 құрады. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында белсенді заттарды пайдалану салдарынан психикалық ауытқулардың бастапқы сырқаттанушылық деңгейі 100 мың халыққа шаққанда 35,9 құрады. Алғашқы аурушаңдық деңгейі ең жоғары және ең төмен өңірлердің тізімі іс жүзінде өзгеріссіз қалды», – деді Қуаныш Алтынбеков.
«Ментальды денсаулық: психоәлеуметтік аспектілер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция күні бойы жалғасады және әртүрлі тақырыптар бойынша бірнеше секцияларға бөлінеді. Конференцияда әлемнің түкпір-түкпірінен психикалық денсаулық саласындағы жетекші сарапшылар сөз сөйлейді.