Ел деп туған ер үшін..
Ұлы Жеңіске 70 жыл!
Ел деп туған ер үшін…
Жыл сайын біз Жеңіс күнін дүркіретіп тойлаймыз,бірақ жыл өте жерімізді сұм соғыста қорғаған батырларымыздың саны азайып келе жатқандығын ұмытып барамыз. «Елім,жерім» деп көкірегін оққа тосып,шыбын жанын пида еткен талай батыр ата – апаларымызды тек мамыр айы жақындағанда ғана еске алатынымыз мені қатты қынжылтады.
Осыған орай,жалпы медицина факультеті 1 курс суденттері Алматы қаласы, алмалы ауданында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне рухани- әлеуметтік көмек беру мақсатында «Қадірлейік қарттарды» атты қайырымдылықіс- шара ұйымдастырған болатын.
Сол шара барысында бір топ студенттер заң ғылымдарының докторы,профессор,академик,Қазақ КСР – не еңбегі сіңген заңгер,Ішкі істер министрлігінің полковнигі және Ұлы Отан Соғысы ардагері Ашитов Зайырхан Омарұлының үйінде қонақта болды.Сол студенттер қатарында өзім де болып,батыр атамыздың қолын алып келдім.
Бізді үстіне қазақтың шапанын киіп қарсы алған атамыз бізге қонақжайлылығымен,данагөй – ақылдылығымен есте қалды.Бірнеше сағат бойы атамыздың өнегелі,тарихи оқиғаларын тыңдап,уақыттың қалай сырғып өткенін сезбей де қалыппыз.
Біздің бірінші сұрағымыз «Соғысқа қалай тап болдыңыз?» болды.Сонда атамыз жастық шағы есіне түсті ме,әңгімені мектептегі кезінен бастады.Сөйтсек,Зайырхан ата соғысқа бізден де жас кезінде,17 жасында аттанған екен.Батыр атамыз сол кездегі қорқынышы мен балалығы туралы айтқан кезде,бізде сол кейіпке еніп біраз шер тарқатып алдық.
«Сол кезде жап – жас он сегіздегі жігіт едім.- деп Зайырхан ата әңгіменсін бастады,- фашисттер мен біздің арамызды бар – жоғы 100 – ақ метр бөліп тұрды.Кешке қарай жау жақтан әуеннің дыбысы естілді.Бұған ызаланған мен танкшілерді шақырып алдым да,дыбыс шығып жатқан жерді көзбен өлшеп,сол жерге қарай ат дедім.Біраз уақыттан кейін әуен де,дыбыс та тоқтатылды.»
Зұлмат соғыста бірнеше жарақат алған батыр атамыз Жеңістің үнін Эстонияның кішігірім Хапсул деген қаласында естіген екен.Міне,осылайша аузы арандаған соғыс отынан аман – есен қалған Зайырхан ата әскер қатарында 35 жыл қызмет еткен екен.
Бірақ Зайырхан Омарұлы әскер қатарында жүріп әрдайым білімге құштар болған.Бағын сынау мақсатында әскери заң академиясына оқуға түспекші болады.Бірақ бұл орынға 32 адам таласып жатқан болатын. «Маған сол билет түспегенде менің қазіргі өмірім мүлде басқаша болар ма еді?!» – дейді Зайырхан ата.Осылайша қалағаны орындалған атамыз академияға оқуға түседі.
Өзінің алға қойған мақсатына жетіп білген Зайырхан Омарұлы күні бүгінге дейін еліне елеулі,халқына қалаулы азамат болып келеді.Осы күнде ардагер атамыз 28 орденмен марапатталған батыр, 4 шөбере тәрбиелеп отырған ардақты ата,білім нәрімен талай шәкірттерді тәрбиелеген аяулы да өнегелі ұстаз.Бар өмірін елінің болашағына арнаған дара тұлғаның,батырдың көзін көрген мына менде басқа арман жоқ.Ел деп туған ерлерімізді әрдайым пір тұтып,биікке көтеріп жүрейік,ағайын!