«Өмірді сақта – сүйек кемігінің доноры бол» мамандар жасушалар донорлығы туралы мифтерді жоққа шығарды
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде сүйек кемігі донорлығы туралы дәріс өткізіліп, Қазақстан Республикасының сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркеліміне қосылу бойынша «Ізгі ниет» акциясымен жалғасты. Мамандар бағаналы жасушаларын беру процедурасы туралы мифтерді жоққа шығарды. Акцияның ерекше мақсаты – сүйек кемігі донорларының тіркелімін кеңейту, себебі кез келген адам қан қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың өмірін өз денсаулығына зиян келтірмей сақтап қала алады. Аталған іс-шара «Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қоры» Қоғамдық қоры мен Алматы қаласының Республикалық қан орталығымен бірлесіп өткізілді.
«Бұл көптеген адамдардың өмірін өзгерте алады. «Донорлар өмір сыйлайды» атты бүгінгі іс-шара әлемді жақсы жаққа өзгерте алатынымызды еске сала отырып, бәрімізді жігерлендіре түседі деп сенемін», – деді ҚазҰМУ проректоры Убайдилла Датхаев.
Сүйек кемігі донорларының тіркелімі (ГДЖ) – бұл ерікті және тегін негізде трансплантацияны қажет ететін науқастарға көмек көрсетуге және өз жасушаларын беруге дайын сүйек кемігінің әлеуетті донорлары туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық платформа. Қазіргі уақытта тіркелімде 10 800 қазақстандық бар, бірақ үйлесімсіздікке байланысты олардың барлығы нақты науқастарға донор бола алмайды. Бұл ретте жыл сайын 300-ге жуық науқас сүйек кемігін ауыстыруды қажет етеді, олардың жартысы балалар.
«Дәл осы процедура ересектердің де, балалардың да өмірін сақтай алады. Біздің қорды құру идеясы көптеген адамдардың басқа елдерде трансплантация жасау үшін қаржы жинаудан басталды. Біздің міндетіміз осының барлығын Қазақстанда жасауға болатынын, бізде лайықты дәрігерлер мен емханалар бар екенін жеткізу. Мәселе тек тіркелімді ұлғайту. Қиындығы, донорды табу оңай емес, айтқанымыздай, генетикалық егіздерді табу қиын, донор көп болған сайын науқастардың мүмкіндігі де арта түседі», – деп атап өтті Әсел Байсейітова қайырымдылық қорының директоры Ильмира Хусаинова.
Мамандар жоққа шығарған негізгі миф – бұл ауыр манипуляциялар арқылы бағаналы жасушалар беру. Дегенмен, дәрігерлердің айтуынша, аталған процедура тамырдан әдеттегі қан тапсыруға ұқсас. Процедураның ұзақтығы шамамен 5 сағатты құрайды, ал донордың жасушалары 10-14 күннен кейін денеде толығымен қалпына келеді.
18 жастан 45 жасқа дейінгі, салмағы 50 келіден асатын, ауыр аурулары жоқ (онкология, В және С гепатиті, стенокардия, миокард инфарктісі, туберкулез, аутоиммунды аурулар және т.б. ауырмаған) қазақстандықтар сүйек кемігінің доноры бола алады.
Сүйек кемігі донорларының тіркеліміне қосылу үшін:
- Жақын жердегі қан орталығына бару керек;
- Сауалнаманы толтыру, келісімге қол қою;
- HLA теру үшін тамырдан 1 пробирка (9 мл) қан тапсырыңыз;
Донор сүйек кемігі донорларының тіркелімінің дерекқорына енгізіледі, егер донор мен науқас арасында фенотиптер сәйкес келсе, тіркелім міндетті түрде донормен байланысады!
Сондай-ақ ашық дәріс барысында донор болуға ниет білдірген ҚазҰМУ студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері үшін Республикалық қан орталығының көшпелі тобы жұмыс істеді.