ҚазҰМУ студенттеріне арналған жаңа жатақхана шілде айында ашылады, BI Group компаниясы болашақ дәрігерлер үшін МЖӘ қағидаты бойынша тағы бір жатақхана салады
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде мемлекеттік БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Журналистерге 8 жатақхана орналасқан Университет қалашығы көрсетілді. Еліміздің жетекші медициналық университеті қазіргі уақытта жатақханалардың ең ауқымды желісініне ие, дегенмен жатақханаға мұқтаж студенттерді 100% қамту міндеті осы уақытқа дейін толық шешімін таппады. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық медицина университетінде 15 724 студент білім алуда. Университетте 3168 орын бар 8 студенттік жатақхана бар.
Жыл сайын университетке шамамен 2000 студент оқуға түседі. Жатақханаға орналастыру ережесіне сәйкес бірінші курс студенттері мен әлеуметтік осал топтарындағы отбасылардан шыққан студенттерге басымдық беріледі. 2023 жылы оқу кезеңі басталмай тұрып, университеттің барлық жатақханаларында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер, санитарлық тораптар мен душ кабиналары жаңартылып, жетіспейтін құрал-жабдықтар, тұрмыстық техникалар мен жиһаздар сатып алынып, аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 122 миллионнан астам теңге жұмсалса, 2024 жылға шамамен 574 миллион теңге бөлінді, оған бөлмелерді ағымдағы жөндеу, жаңа жиһаздар сатып алу және жатақханаларды сымсыз Wi-Fi желісімен жабдықтау кіреді.
«Біздің университет студентке бағдарлау қағидатын басшылыққа алады, бұл ең алдымен студенттерге қамқорлық жасау, олардың өмір сүруі мен білім алуына жайлы жағдай жасау болып табылады. Оқу жылы басталмас бұрын барлық жатақханаларға тексеру жүргізіліп, ауқымды абаттандыру жұмыстары орындалады, тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалады, тоңазытқыштар, компьютерлер, жиһаздар сатып алынады. Студенттер демалысқа қайтқанда ағымдағы жөндеу жұмыстары қайтадан қолға алынады. Бұл ретте әлемдік стандартқа сай жаңа жатақханалар ашу міндеті тұр», – деді ҚазҰМУ проректоры Убайдилла Датхаев.
БАҚ өкілдері ҚазҰМУ жатақханаларын жеке аралап, коменданттармен және бөлмелерде тұратын студенттермен сұхбаттасты.
«Тұрмыстық жағдайға ризамыз. Мұнда бізде 4 бөлме, бір ортақ ас үй, душ және дәретхана бар. Ішінде қажеттінің бәрі бар, тұру ақысы пәтер немесе хостелді жалға беру нарығынан бірнеше есе төмен», – деп атап өтті №8 жатақхана студенттері.
Жатақханаға мұқтаж студенттерді 100% жатақханадағы орынмен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі шешу үшін университет 480 орындық жаңа жатақхана құрылысының мемлекеттік инвестициялық жобасын әзірледі. Бұл жаңа жайлы жатақхана студенттік қалашықта танымал BI Group құрылыс компаниясымен серіктестікте салынады.
«Жоба бойынша жаңа жатақхана 8 қабатты ғимарат болады. Бірінші қабатта қонақ бөлмелерінен басқа коворкинг, қосалқы бөлмелер, кір жуатын орындар, оқу залдары мен демалыс орындары болады. Қалған басқа қабаттар студенттерді жатақханамен қамтамасыз етеді. Бұл жатақхана жайлы өмір сүрудің барлық заманауи стандарттарына сәйкес болады», – деп атап өтті проректор Убайдилла Датхаев.
Жаңа жатақхана жобасы қазір жобаны мақұлдау сатысында. Жаңа студенттер үйінің құрылысын алдын ала аяқтап пайдалануға беру 2025 жылдың төртінші тоқсанына жоспарлануда. Сонымен қатар, биылдың өзінде университет жалға алу шартына отырған жеке инвестор тұрғызған жаңа жатақхана ҚазҰМУ студенттерінің игілігіне беріледі. Жаңа жатақхана Алматының географиялық орталығында Радостовец көшесі, 74 мекенжайында орналасқан. Ол 420 орынға есептелген. Университет әзірлеген тұжырымдамаға сәйкес өмір сүру жағдайлары барлық халықаралық стандарттарға сай келеді, яғни бөлмелердің ішінде ванна мен душ бар жайлы бөлмелер, әр студент үшін бөлек оқу және ұйықтайтын кеңістік, оқу аймағындағы жұмыс үстелдері мен шкафтар, жайлы жалпы асүйлер, әр қабатта барлық қажетті тұрмыстық техникадан, жайлы ыңғайлы бөлмелер қарастырылған. Жатақхананың жеке кір жуатын орны, кітапханасы, қоймасы, ойын-сауық және спорт залдары болады. Қазір жатақхана 95 пайызға дайын, ішінде қажетті жиһаздарды құрастыру және аумақты ретке келтірудің соңғы жұмыстары жүргізілуде.
«Мемлекет басшысының қолдауының арқасында университеттер жатақхана мәселесін жүйелі шешу үшін жеке инвесторлармен меморандумға отыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл мәселе әсіресе Алматы үшін өзекті екенін білесіздер, сондықтан біз белсенділік танытып, бір нысанды жеке инвестордан, екіншісін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша беруді қолға алып жатырмыз. ҚазҰМУ басшылығы студенттердің университетке жақын орналасуына және университеттің клиникалық базаларына ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ жатақханалардың саябақтарға, алаңдарға, әлеуметтік нысандарға, супермаркеттерге, дүкендерге, метро станцияларына, бір сөзбен айтқанда, үлкен қаланың ырғағында жайлы өмір сүруге қажетті барлық жағдайға жақын болуы маңызды», – деді Убайдилла Датхаев.