Сұранысқа ие мамандықтар
Елімізде қазіргі таңда стоматолог, дипломат, денешынықтыру мұғалімі сынды мамандықтар сұранысқа ие. Мұның дәлелі – биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында талапкерлер арасындағы ең үлкен бәсеке былтырғыдай тіс дәрігері мамандығына болған – бір орынға 35 адамнан келеді. Екінші орында «Халықаралық қатынастар және дипломатия» – бір орынға 11 адам үміткер. «Денешынықтыру мұғалімі» мамандығына – 10, «Психология» мамандығына 9 талапкерден келеді.
Қарап отырсақ, бұл көрсеткіш заманның өзгергенін, аталған мамандықтар бұрын талайдың қолжетпес арманы болған заңгер, экономист, маркетолог, мұнайшы болу сияқты арман-мақсаттарды ығыстырғанын көрсетеді. Есесіне ел нарығындағы ең керекті, қат болып отырған химик, мал шаруашылығы, балық шаруашылығына қажетті мамандықтарға мүлде талпыныс жоқ.
Кейінгі жылдары неге тіс дәрігері болуға ұмтылғандардың қатары күрт өсіп, стоматолог мамандығының дәрежесі артып, танымал болып шыға келді? Бұл сауалға Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің стоматология бөлімінің меңгерушісі Елена Нагина төмендегідей жауап берді:
– Кейбіреулер қазір стоматолог болу сән, табысы да жоғары әрі ұзақ оқудың қажеті жоқ деп ойлайды. Ал іс жүзінде олай емес, біздің кәсібіміздің өзіндік ерекшеліктері жеткілікті. Кездейсоқ адам електен өте алмайды. Егер тіс дәрігері өз саласында жеті жылдай тұрақты жұмыс істеп, тәжірибе жинақтай алса ғана, осы салада соңына дейін қала алады.
Тісі ауырған адам жанын қоярға жер таппай, емделуге келгенде ақысы қанша тұратынын да сұрап жатпайды. Сол тұрғыда дәрігерлер қолдарынан келгенше көмектеседі, емдейді. Тіс – адамның саламаттылық құжаты болғандықтан да, оны сақтау маңызды әрі сау, жарқыраған аппақ тістер – адамның ажары. Байқап отырсақ, қазір елімізде тісі жоқ адамдар азайды, жұрт тісінің бүтіндігіне мән береді.
Бүгінде отандық стоматология салыстырмалы түрде дамыған әрі қолжетімді. Балалардың тісі мемлекет есебінен емделеді. Бұл мәселеде еліміз ТМД көлемінде көш ілгері. Тіпті соңғы жылдары, әсіресе жаз айларында елімізге тісін емдетуге шетелдіктер көптеп келе бастады. Олар бұрынғы отандастарымыз бен солардың туыс-таныстары. Бір сөзбен айтқанда, отандық стоматологияның сапасы әлемдік деңгейден кем емес, оның үстіне әлдеқайда арзан.
– Ертеректе, біз стоматология мамандығына оқыған кезімізде де осы бөлімге конкурс үлкен, оқуға түсу қиын болатын. Бүгінде бұл мамандыққа ҰБТ-да жинаған шекті балы 130 болатын үздіктер келіп жатқандықтан, сала бұрынғыдан да жақсара, жетіле түседі деп ойлаймын. Оған қоса стоматология медицинаның ең дамыған салаларының біріне айналды. Күнделікті жұмыста емдегенде дым сездірмейтін, ауыртпайтын препараттар, техникалардың озығын пайдаланып отырмыз. Қазір тіс дәрігерінің алдында отырған пациент ем-домнан қорықпайды, керісінше рахат табады. Тегінде, дәрігердің кәсіби шеберлігі жұлып тастаған тістерімен емес, ауырған тістерді сақтап, емдегенімен өлшенеді, дейді Е.Нагина.
Сонымен бүгінде қай өңірлерде дәрігерлер жетіспеушілігі бар, қай облыста кадр тапшылығы басым? С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өткен Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде барлық облыстардың қалалық, облыстық денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері тоғысқан еді. Басқармалардың мәліметіне сәйкес, жәрмеңке барысында елде 2 279 маманға деген сұраныс бар екені анықталды. Ең қызығы, алғаш рет медициналық кадрларға сұраныстың ұзын-сонар тізімін Алматы қаласының ауруханалары берді. Алматы қаласы – 540, Қостанай облысы – 304, Жетісу облысы – 286, Атырау облысы – 168, Ақмола облысы – 153 жұмыс орнын ұсынды.