Көру қабілетін сақтаудың бірегей әдісі
Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті клиникаларының базасында көздің трансплантологиялық операциялары қайта қолға алынды.
«Мұндай операцияны білікті мамандардың ең озық медициналық жабдықтарды пайдалана отырып жасай бастағаны – отандық медицинадағы қарышты қадам. Ендігі жерде көздің қасаң қабығын алмастыруға тура келетін операциялар үшін науқастар шет мемлекеттерге сабылмайды, өзімізде-ақ нақты емделе алады», дейді ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Биыл тамыз айының соңында Алматы облыстық ауруханасына көзіне оқыста оқ тиген науқас жеткізілді. Алдында жергілікті жерде науқастың көзінен басқа жеріне барлық ем-дом жүргізілген екен. Оқ бас пен көздің айналасын жанап өткендіктен, көзі ауыр химиялық күйікке шалдыққан. Мұндай күрделі жағдайда кретопластика жасай алатын бірден бір маман, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ офтальмология кафедрасының меңгерушісі, офтальмология орталығының директоры Марат Сүлейменов бірден іске кіріскен.
«Бастапқыда 48 жастағы науқас бізден кеңес алуға келіпті. Тексеруден кейін көздің сыртқы жылтыр қабығы, қасаң қабықты алмастыруға шешім қабылданды. Операция кезінде науқаста травматикалық катаракта бар екендігі анықталды, оны да операция барысында алып тастадық. Оқ жарақатының кесірінен көздің сыртқы қасаң қабығы балқып, көздің ішкі қабықтары сыртқа шығып кеткен. Егер операция жасап үлгермесек, онда көздің ішкі жағы ақтарылып, инфекция кіретін еді де, көзін алып тастауға мәжбүр болатын едік», дейді Марат Смағұлұлы.
https://egemen.kz/article/377568-koru-qabiletin-saqtaudynh-biregey-adisi