Қазақстан балалар хирургиясының негізін қалаушы, ҚазҰМУ мақтанышы, академик Камал Ормантаев өмірден өтті
2025 жылы 12 ақпанда ауыр және ұзаққа созылған сырқаттан кейін, 88 жасында медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының ғылым қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Академигі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Алматы қаласының және Қызылорда облысының Құрметті азаматы Камал Саруарұлы Ормантаев дүниеден өтті.
Камал Саруарұлы Ормантаев – Қазақстан мен әлемдік денсаулық сақтау саласының Аңыз адамы, қазақстандық балалар хирургиясы, педиатрия, травматология және анестезиологияның негізін қалаушы, ҚазҰМУ-дың мақтанышы, ұлы дәрігер, педагог, көрнекті хирург, отандық медицинадағы орны мен рөлі ерекше тұлға. Жоғары білікті балалар хирургі Камал Саруарұлы кеуде қуысы, өкпе, өңеш, құрсақ қуысы, бас сүйек және бүйрек органдарында 20 мыңға жуық аса күрделі операция жасады.
Камал Саруарұлы 1936 жылғы 11 қыркүйекте Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Калинин совхозында дүниеге келген. 1953 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түсіп, 1959 жылы балалар хирургиясы кафедрасының клиникалық ординатурасына қабылданды. 1961 жылы ординатураны, 1965 жылы госпитальдық хирургия кафедрасының аспирантурасын тәмамдап, кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Алматы мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасында ассистент қызметінен еңбек жолын бастады.
1971 жылы 35 жасында «Балалардағы созылмалы екіжақты іріңді өкпе ауруларын хирургиялық емдеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, Қазақстандағы балалар хирургиясы бойынша алғашқы медицина ғылымдарының докторы және профессоры атағын алған тұңғыш қазақ болды.
32 жасында Алматы медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі атанып, бұл қызметті 1968 жылдан 2012 жылға дейін үздіксіз атқарды. Оның жетекшілігімен кафедра Қазақстандағы балалар хирургиясының ғылыми, тәжірибелік және ұйымдастырушылық орталығына айналды.
1980 жылы Қазақстан Республикасы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры болып тағайындалып, 13 жыл бойы орталықтың дамуына зор үлес қосты. Ол анестезиология-реанимация, балалар хирургиясы, балалар урологиясы және жаңа туған нәрестелер хирургиясы бөлімдерінің ашылуына ықпал етті. Сонымен қатар, педиатрия мен балалар хирургиясының түрлі мәселелеріне арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оларды клиникалық практикаға енгізуге ерекше көңіл бөлді.
1981 жылы «Қазақстанның ғылым қайраткері» атағына ие болды. 1984 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1994 жылы толық мүшесі (академик), 1995 жылы Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының вице-президенті болып сайланды.
1999 жылы Камал Саруарұлы Ормантаевтың жетекшілігімен авторлар ұжымы балалар ортопедиясы мен травматологиясын диагностикалау және емдеу әдістеріне енгізген жаңа технологиялар үшін Қазақстан Республикасының ғылым және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Ол 50 жылдан астам уақытын балалар денсаулығын қорғауға, аурулардың алдын алу мен емдеуге, нәрестелер өлімін азайтуға және мүгедектіктің алдын алуға арнады. 14 000-нан астам ауыр хирургиялық операция жасады. Балалар нейрохирургиясы, травматология, комбустиология, урология және өкпе хирургиясы салаларында ғылыми зерттеулер жүргізді.
2000-2002 жылдары «Алтын Адам – Жыл дәрігері» атағына ие болды. 2004 жылы «Тарлан – 2004» тәуелсіз ұлттық сыйлығының «Ғылым» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық медициналық қауымдастығының ең жоғары марапаты – «Алтын дәрігер» төсбелгісі мен «Ave Vitae» орденінің иегері атанды.
310-нан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде балалар хирургиясы бойынша 9 оқулықтың және 9 монографияның авторы. 42 өнертабысы мен 5 патенттелген жоба жасаған. 40 жыл ішінде 1500-ден астам дәрігер дайындап, 120 кандидаттық және 16 докторлық диссертацияға ғылыми жетекшілік еткен. Оның шәкірттері бүгінде ғылыми орталықтар мен облыстық ауруханаларды, балалар хирургиясы бөлімдерін басқарады.
2001 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Құрметті директоры болды.
Камал Саруарұлы қоғамлық өмірден де тыс қалмай, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің бүгіні мен болашағына ерекше алаңдаушылық танытты. Академиктің тікелей қатысуымен 2018 жылы елімізде педиатрия мамандығы қайта ашылды.
Камал Саруарұлы Ормантаев – әлемдік және отандық ғылымға зор үлес қосқан ғалым, бірқатар ғылыми бағыттардың негізін қалаушы, көрнекті ұйымдастырушы, танымал педагог және кең бейінді жоғары білікті балалар хирургі.
Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де ұлы ғалым, жоғары білікті педиатр, балалар хирургі, медициналық мамандар даярлауға бар күш-жігері мен білімін арнаған қоғам қайраткері ретінде таниды.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және бүкіл медициналық қауымдастық академик Камал Саруарұлы Ормантаевтың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Оның дүниеден өтуі – қазақстандықтар үшін, медицина мамандары мен академик өмірін сақтап қалған мыңдаған адамдар үшін орны толмас қайғы. Академиктің артында қалған мұрасы әріптестері мен шәкірттерінің, сондай-ақ ол өмір сыйлаған жандардың есінде мәңгі сақталады. Ұлы хирург Камал Ормантаевтың дәуірі әлемдік денсаулық сақтау тарихына алтын әріптермен жазылды.