ҚазҰМУ-да академик Алшынбай Рақышұлы Рақышевқа арналған мемориалдық тақта ашылды
2025 жылғы 17 сәуір күні Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Алшынбай Рақышұлы Рақышевтің құрметіне мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бұл — тек қана ғалым есімін мәңгі есте қалдыру емес, сонымен қатар оның ғылымға, білімге және елге сіңірген өлшеусіз еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі. Академик Алшынбай Рақышев еліміздің медицина ғылымына айрықша үлес қосқан, білім беру саласында жаңашыл бастамалар көтерген, ғылыми ізденіске бүкіл өмірін арнаған ұлы тұлға еді.
Алшынбай Рақышұлы ондаған жыл бойы ҚазҰМУ-дың қалыпты анатомия кафедрасын басқарды. Ол — мемлекеттік тілде жазылған алғашқы екі томдық анатомия оқулығының, сондай-ақ латынша-орысша-қазақша анатомиялық сөздіктің авторы. Қазақ тіліндегі медициналық терминологияны қалыптастыруға белсенді атсалысып, медициналық білімді ана тілімізде жеткізу жолында елеулі еңбек етті.
Академиктің басшылығымен кафедрада 25 жылдан аса уақыт бойы төмен қуатты газды лазерлерді медицинада қолдану бойынша зерттеулер жүргізілді. Бұл зерттеулер арнайы ғылыми мектептің қалыптасуына негіз болды. 1980 жылы Парижде профессор Алшынбай Рақышев медициналық лазерлерді қолдану жөніндегі Дүниежүзілік қауымдастықтың Құрметті президенті болып сайланып, халықаралық деңгейде мойындалды.
Академиктің отбасы ҚазҰМУ кітапханасына сирек кездесетін ғылыми еңбектері мен оқу құралдарын тарту етті. Бұл кітаптар – болашақ дәрігерлер үшін құнды мұра. Студенттер ұлы Ұстаздың еңбектері арқылы білім алып, ғылым мен медицинаға деген адалдық рухын сезіне алады.
Сондай-ақ, университет қабырғасында Алшынбай Рақышев атындағы сүйектер мұражайы жұмыс істейді. Мұражай қорында 2800-ден астам бірегей экспонат бар. Бұл – тек ғылыми әрі оқу-тәжірибелік кеңістік қана емес, сондай-ақ анатомиялық мәдениетке деген терең құрметтің көрінісі.
Салтанатты іс-шара барысында университет ректоры Марат Шоранов сөз сөйлеп, ғалымның өмір жолы мен ғылыми мұрасының маңыздылығын атап өтті:
«Бүгін ашылып отырған бұл мемориалдық тақта арқылы біз ұлы ғалымның есімін ғана емес, оның ғылымға деген адалдығы мен елге сүйіспеншілігін де ұрпақ жадында мәңгі қалдырамыз. Оның аты анатомиялық залдарда, оқулықтар мен сөздіктерде ғана емес, шәкірттерінің жүрегінде де өмір сүреді», — деді ректор.
Бұл күн — ұлт ғылымына сіңірген еңбекті бағалаудың, ұрпаққа өнеге болар тұлғаның рухын дәріптеудің айқын үлгісі болды.