С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Фармация мектебінің жас ғалымдарының Қытайдың Шэньчжэнь университетіндегі халықаралық тағылымдамасы
SZU Top Ranking Project «B&RsacFMS» [868/0000080208] бірлескен ғылыми жобасын жүзеге асыру және ғылыми тағылымдамадан өту аясында, Шэньчжэнь ғылым және техника комиссиясының (ҚХР) қолдауымен С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармация мектебінің оқытушылары — фармацевтикалық технология кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Мөлдір Құдайбергенқызы Қойлыбаева және инженерлік пәндер мен тиісті практикалар кафедрасының PhD, профессор ассистенті Айгерим Жумагазиевна Мухамедсадыкова — 2025 жылғы 15 тамыз бен 15 қараша аралығында ҚХР-дың Шэньчжэнь университетінде (Shenzhen University) ғылыми тағылымдамаларын аяқтады.
Тағылымдаманың мақсаты — зерттеу құзыреттерін дамыту, заманауи зертханалық әдістерді меңгеру, ғылыми тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту болды. Қойылған міндеттер аясында қатысушылар ісік жасушалық желілерінің панельдерінде in vitro әдісімен өсімдік экстракттарының ісікке қарсы белсенділігін зерттеді, заманауи аналитикалық жабдықты пайдалана отырып, үлгілерге фитохимиялық талдау жүргізді, сондай-ақ SZU зерттеушілерімен ғылыми семинарлар мен талқылауларға қатысты.
Алынған нәтижелер ҚазҰМУ-дың фармацевтикалық және биомедициналық зерттеулерінің дамуына елеулі үлес қосады, бірлескен жарияланымдар дайындауға, халықаралық жобаларды кеңейтуге және ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыруға негіз қалайды. Сонымен бірге бұл тағылымдама университеттің жас ғалымдарының халықаралық зерттеу бағдарламаларына одан әрі қатысуына кең мүмкіндіктер ашады, бәсекеге қабілетті ғылыми ортаның дамуына және жаһандық академиялық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.





