Алматы әлемдік неврология көшбасшыларын бір алаңға жинады
2026 жылғы 29–30 мамыр күндері Алматы қаласы халықаралық неврологиялық қауымдастықтың маңызды кездесу орнына айналды. Мұнда «Неврологияның өзекті мәселелері: білім беру және клиникалық тәжірибе» атты халықаралық конгресс өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші ғалымдар мен дәрігерлердің басын қосты. Ауқымды ғылыми форумға Еуропа, Азия, Солтүстік Америка, Австралия, Жаңа Зеландия және Таяу Шығыс елдерінен неврология, инсультология, нейрореабилитация және медициналық білім беру саласының беделді сарапшылары қатысты.
Конгрестің ерекше тарихи маңызы оның жұмысына Дүниежүзілік инсультқа қарсы күрес ұйымы (World Stroke Organization, WSO) басшылығының толық құрамда қатысуымен айқындалды. Қазақстан мен Орталық Азия кеңістігінде алғаш рет ұйымның қазіргі президенті, сайланған президенті, вице-президенті және қазынашысы бір алаңда бас қосып, инсульттің алдын алу мен емдеудің жаһандық даму бағыттарын талқылады.
Конгресті Қазақстан Республикасы Неврологтар қауымдастығының президенті, профессор Еркын Смагулович Нургужаев ашты.
Форум қатысушыларына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Акмарал Шарипбаевна Альназарова құттықтау жолдап, неврологиялық аурулардың, әсіресе инсульттің алдын алу, ерте диагностикалау, тиімді емдеу және сапалы оңалту мәселелері ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы атынан емдеу-профилактикалық қызмет, талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Асель Коныратовна Полатбекова құттықтау сөз сөйлеп, мұндай халықаралық кездесулердің кәсіби тәжірибе алмасудағы маңыздылығына тоқталды.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің атынан сөз алған университет проректоры Жанна Амантаевна Калматаева неврология ғылымы мен медициналық білім беруді дамытудағы халықаралық әріптестіктің рөлін ерекше атап өтті.
WSO президенті, профессор Джаярадж Дурай Пандиан Алматыдағы жиынның ұйым үшін ерекше маңызға ие екенін айтып, бұл Орталық Азия өңірінде өткізілген алғашқы ірі халықаралық шара екенін жеткізді.
Конгресс жұмысына әлемдік инсультология мен неврология саласының танымал көшбасшылары қатысты. Олардың қатарында WSO президенті, Үндістандағы Христиандық медициналық колледждің профессоры Джаярадж Дурай Пандиан, ұйымның сайланған президенті әрі Австралиядағы Джордж институтының жаһандық ми денсаулығы жөніндегі директоры профессор Крейг Андерсон, WSO вице-президенті, Канаданың Торонто университетінің профессоры Густаво Сапосник және ұйымның қазынашысы, Италиядағы неврология және инсульт қызметінің жетекші маманы профессор Валерия Казо болды.
Қазақстандық инсульт қызметінің жетістіктері мен даму бағыттарын Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының басқарма төрағасы, «Қазақстандық инсультологтар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, республикалық инсульт қызметінің бас үйлестірушісі Ержан Буранбаевич Адильбеков таныстырды.
Форумда сондай-ақ әлемнің әртүрлі елдерінен келген беделді ғалымдар мен тәжірибелі мамандар баяндама жасады. Олардың қатарында тамырлық неврология және нейроинтервенциялық хирургия саласының маманы, тамырлық неврология бойынша ғылыми қызметкер, Үндістандағы Paras госпиталінің аға консультанты Радж Шринивас Партасаратхи; Angels Initiative халықаралық бағдарламасының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша кеңесшісі Лев Приступюк (Украина); медицина ғылымдарының докторы, профессор, Башқұрт мемлекеттік медицина университетінің неврология кафедрасының меңгерушісі, Башқұртстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс невролог маманы, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Мансур Амирович Кутлубаев; медицина ғылымдарының докторы, профессор, Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін дамыту орталығының нейрореабилитация кафедрасының меңгерушісі Эльбек Миршавкатович Миржураев; медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Дәлелді медицина қоғамы» автономды коммерциялық емес ұйымының президенті Олег Иванович Виноградов (Ресей); медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ярославль мемлекеттік медицина университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, медициналық генетика және нейрохирургия курсы бар жүйке аурулары кафедрасының профессоры Дмитрий Сергеевич Касаткин (Ресей) болды.
Конгрестің ғылыми бағдарламасы аясында инсульттің алдын алу мен емдеудің заманауи тәсілдері, нейрореабилитацияның өзекті мәселелері, жүйке жүйесінің нейродегенеративті және аутоиммундық аурулары, медициналық білім берудегі инновациялық бағыттар, инсульт қызметін одан әрі дамыту, сондай-ақ халықаралық клиникалық ұсынымдарды практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды.
«Біздің басты мақсатымыз – инсульттің әлемдік ауыртпалығын азайту. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен және Біріккен Ұлттар Ұйымымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, инсульт көмегінің сапасын арттыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырып келеміз. Алматыдағы секілді өңірлік форумдар дәрігерлерге халықаралық тәжірибеге қол жеткізіп, заманауи тәсілдерді өз елдерінің денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді», – деді WSO президенті профессор Джаярадж Дурай Пандиан.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологы Сауле Туруспекова мұндай конгрестердің ел медицинасы үшін маңызын ерекше атап өтті:
«Қазақстанда осындай халықаралық форумдарды өткізу – әлемдік ғылым мен күнделікті медициналық тәжірибені тоғыстыратын маңызды көпір. Бұл дәрігерлерге халықаралық хаттамалар мен инновациялық тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік берсе, пациенттер үшін заманауи емдеу стандарттарының еліміздің барлық өңірлеріне жылдам жетуіне жол ашады. Мұндай кездесулер кәсіби пікір алмасумен ғана шектелмей, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға бағытталған стратегиялық шешімдердің қалыптасуына ықпал етеді», – деді ол.
Конгресс кәсіби қауымдастық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Форум жұмысына Алматы қаласында 500-ге жуық маман тікелей қатысса, тағы 935 дәрігер мен зерттеуші онлайн форматта қосылды. Осылайша әлемнің ондаған елінен келген мамандар бірыңғай ғылыми-білім беру алаңында бас қосты.
Халықаралық конгресс кәсіби серіктестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде неврологиялық көмек пен инсульт қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған жаңа бастамалардың қалыптасуына серпін берген маңызды оқиға болды.

















