С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Қытай Халық Республикасының делегациясын қабылдады
2026 жылғы 27 шілдеде С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде университет басшылығының Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласы мен Чжэцзян университетінің бірлескен делегациясымен ресми кездесуі өтті.
Делегация құрамына Чжэцзян университетінің, Sir Run Run Shaw Hospital университеттік ауруханасының, Қытай ғылым академиясының Микробиология институтының, Қытай биотехнология қоғамының, Бейжің университетінің өкілдері, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері кірді.
Кездесу барысында тараптар медициналық білім беру, ғылыми зерттеулер және инновациялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Әсіресе студенттер, оқытушылар мен зерттеушілердің академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, халықаралық конференциялар ұйымдастыру және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, қатысушылар ғылыми ынтымақтастықты нығайту, оқу-әдістемелік материалдар мен академиялық жарияланымдар алмасу, медициналық білім беру саласындағы үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екендіктерін растап, білім беру, ғылым және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Ресми кездесуден кейін естелік суретке түсу рәсімі өтті. Одан кейін шетелдік делегация А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына барып, Қазақстанның жетекші медициналық ұйымдарының бірінің қызметімен танысты.






















