Резидентураға қабылдаудың ашық өтуі қамтамасыз етіледі
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті 2026 жылы резидентураға түсуге арналған конкурстық балдарды есептеу кезінде пайдаланылған мәліметтердің дұрыстығына қатысты түлектердің өтініштерін және жарияланымдарды мұқият қарастырып жатыр.
Университет талапкерлердің алаңдаушылығына түсіністікпен қарайды. Мемлекеттік білім беру гранттарына арналған конкурс бірыңғай талаптар, дұрыс академиялық деректер және әрбір қатысушы үшін тең жағдай негізінде өтуге тиіс. Балдарды есептеудің дұрыстығына, GPA көрсеткіші мен қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелерін тексеруге қатысты кез келген күмән мұқият әрі объективті қарауды талап етеді.
ҚазҰМУ-да жұмыс комиссиясы қызмет атқарады, ал бұл мәселе университет басшылығының тікелей бақылауында. 2026 жылғы 31 шілдеден бастап ҚазҰМУ-дың қабылдау комиссиясы арқылы өткен барлық өтінімді және конкурстық көрсеткіштерді қалыптастыруға негіз болған мәліметтерді қосымша тексеру басталды.
Тексеру аясында:
- ҚазҰМУ түлектерінің GPA көрсеткіштері мен қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелері ресми транскрипттердегі және университеттің ақпараттық жүйелеріндегі деректермен салыстырылады;
- өзге білім беру ұйымдары түлектерінің академиялық деректерін тексеру өкілеттіктер мен қолжетімді ақпарат көздері шегінде жүзеге асырылады;
- өтініштерді беру және пысықтау кезінде енгізілген немесе түзетілген мәліметтердің дұрыстығы тексеріледі;
- құжаттардың пысықтауға қайтарылу себептері мен деректердің қандай негізде өзгертілгені бөлек тексеріледі;
- өтінімдерді өңдеу тарихы мен цифрлық платформадағы қолжетімді әрекеттер журналдары талданады;
- көрсеткіштері қалыптан тыс жоғары өтінімдерге қосымша тексеру жүргізіледі. Бұл ретте жоғары балдың өзі бұзушылықтың дәлелі ретінде қарастырылмайды;
- әрбір расталған сәйкессіздікке құқықтық және ұйымдастырушылық баға беріледі.
Барлық мәлімет объективтілік, құпиялылық және конкурсқа қатысушылардың адалдық презумпциясы қағидаттары сақтала отырып қаралады. Техникалық қателер, дұрыс енгізілмеген мәліметтер немесе белгіленген тәртіптің бұзылуы анықталған жағдайда, ҚазҰМУ өз өкілеттіктері шегінде қажетті шараларды қабылдап, деректердің түзетілуін қамтамасыз етеді және материалдарды уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдайды. Қасақана бұрмалау немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттер белгілері болған жағдайда, оларға тиісті құқықтық баға беріледі.
Жағдайды жан-жақты қарау үшін ҚазҰМУ Residency.kz платформасының операторымен бірлесіп деректерді салыстырып, қолданыстағы рәсімдер шеңберінде барлық мән-жайды нақтылап жатыр. Университет осы жұмыстың барынша ашық болуын қамтамасыз етеді және оның қорытындысы бойынша қабылданған шаралар туралы талапкерлер мен жұртшылықты хабардар етеді.
Сонымен қатар ықтимал сәйкессіздіктерге қатысты құжаттары немесе тексеруге болатын өзге де ақпараты бар талапкерлердің өтініштері қабылданады. Әрбір өтініш тіркеліп, оны комиссия белгіленген тәртіппен қарайды.
ҚазҰМУ резидентураға қабылдау конкурсының әділ, түсінікті және тек дұрыс академиялық нәтижелерге негізделіп өтуіне мүдделі. Университет аталған барлық тәуекелді ескеріп, конкурсқа адал қатысушылардың құқықтарын қорғау және қабылдау рәсіміне деген сенімді сақтау үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.


