ҚазҰМУ-да санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің цифрлық трансформациясы талқыланды
2026 жылғы 15 қыркүйекте С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Халел Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде 15 қыркүйек – Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күніне арналған «Эпидемиология және гигиена: цифрлық трансформация және жаңа шешімдер» тақырыбында іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің халық денсаулығын қорғаудағы маңызын көрсету, оның қалыптасу тарихы мен қазіргі даму бағыттарын таныстыру, сондай-ақ эпидемиологиялық қадағалау, гигиена, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы заманауи шешімдерді талқылау.
Шара Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасындағы «Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» қағидаттарымен сабақтастырылып өткізілді. Ғылыми кітапхана қызметкерлері «Салауатты ұлт – қауіпсіз қоғам» атты тақырыптық кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмені Ғылыми кітапхананың Ақпараттық-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Салтанат Ахмедуллақызы Елеукенова, бас кітапханашы Н.С. Омарова және кітапханашы К.А. Гисанова таныстырды.
Іс-шараны Халел Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Асетқызы Кожекенова құттықтау сөзімен ашты. Ол санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапты еңбегіне тоқталып, болашақ мамандарды кәсіби білімін үнемі жетілдіруге және заманауи технологияларды меңгеруге шақырды.
Қоғамдық денсаулық сақтау білім беру бағдарламасының 4-курс, 23-002 тобының студенттері дайындаған «Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тарихы» атты бейнеролик көрсетілді. Бейнематериалда Қазақстандағы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қалыптасу кезеңдері, негізгі жетістіктері және халық денсаулығын қорғауға қосқан үлесі баяндалды.
Іс-шараның негізгі баяндамасын ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, қауымдастырылған профессор Айнагүл Мұханқызы Қуатбаева ұсынды.
«Қазақстан Республикасындағы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет: тарихы, қазіргі қызмет бағыттары және қоғамдық денсаулықты қорғаудағы жаңа міндеттер» тақырыбындағы баяндамада саланың қалыптасу тарихы, қазіргі құрылымы мен негізгі міндеттері таныстырылды. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг, зертханалық диагностика, мемлекеттік бақылау, инфекциялардың алдын алу, биологиялық қауіпсіздік және микробқа қарсы төзімділік мәселелері қамтылды.
Сонымен қатар эпидемиологиялық қадағалауды цифрландыру, жасанды интеллект көмегімен деректерді жедел талдау, тәуекелдерді бағалау және қауіптерді ерте анықтау мүмкіндіктері қарастырылды. Айнагүл Мұханқызы кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, студенттерге санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің маңызы мен болашақ маманның жауапкершілігі туралы құнды кеңес берді.
Білім алушыларды дамыту және қолдау департаментінің жетекшісі Шерзат Розметұлы Шермет «Студенттен кәсіби маманға дейін: білім, құндылық және қоғамдық жауапкершілік» тақырыбында сөз сөйледі. Ол Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын болашақ маманның кәсіби қалыптасуымен байланыстырды: «Нұрлы ақыл» – ғылыми білім мен цифрлық технологияларды меңгеру, «Жылы жүрек» – адам мен қоғам денсаулығына жауапкершілікпен қарау, «Ыстық қайрат» – табандылықпен және жоғары кәсібилікпен еңбек ету. Іс-шара заманауи санитариялық-эпидемиологиялық қызметке білімді, технологиялық құзыреттерді меңгерген әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін маман қажет екенін көрсетті.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының босандыру қызметі бойынша штаттан тыс дәрігер-эпидемиологы Ақтолқын Нұржанқызы Сұлтанқұлова медициналық ұйымдардағы эпидемиологиялық қауіпсіздік, ана мен бала денсаулығын қорғау және инфекциялардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.
Назарбаев Университетінің PhD докторы Ақбота Сәкенқызы Төлегенова «AI-Powered Outbreak Prediction: From Epidemiological Surveillance to Early Warning» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект көмегімен инфекциялық аурулардың өршу қаупін болжау, эпидемиологиялық деректерді талдау және ерте ескерту жүйелерін дамыту мүмкіндіктерін таныстырды.
Медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.Қ. Текманованың ғылыми жетекшілігімен «Медициналық-профилактикалық іс» білім беру бағдарламасының магистранты «Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметін цифрландырудың заманауи аспектілері» тақырыбында баяндама ұсынды. Баяндамада санитариялық-эпидемиологиялық деректерді жинау мен талдауды автоматтандыру, цифрлық платформаларды пайдалану және басқарушылық шешімдердің жеделдігін арттыру мәселелері қамтылды.
Студенттер де іс-шараға белсенді қатысты. «Медициналық-профилактикалық іс» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері «Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет маманының бір күні» атты шығармашылық көрініс көрсетті. Көрініс барысында маманның күнделікті қызметі, кәсіби міндеттері мен қоғам алдындағы жауапкершілігі бейнеленді.
ОЗ23-003 тобының 4-курс студенттері Бақыткерей Ален, Букирова Дана және Сражина Элиза «Current Global Epidemiological Situation» тақырыбында әлемдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдайға шолу жасады. ҚД23-001 тобының студенттері «Қазақстанның эпидемиологиялық жағдайы: қауіпті жұқпалы аурулар» тақырыбында баяндама ұсынып, еліміз үшін өзекті инфекциялық қауіптер мен олардың алдын алу шараларын талқылады.
Қоғамдық денсаулық сақтау білім беру бағдарламасының 5-курс студенттері Ақбөпе Тайжан мен Еңлік Кеңес «Санитариялық бақылаудан бастап алдын алу мен қоғамдық денсаулықты нығайтудың заманауи тәсілдеріне дейін – Қазақстандағы гигиенаның эволюциясы» тақырыбында баяндама жасады. Олар гигиена ғылымының даму кезеңдерін және қазіргі қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызын көрсетті.
Іс-шараның мәдени бөлімінде «Медициналық-профилактикалық іс» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Асылай Әлімбай күй орындады.
Қауымдастырылған профессор Ляйля Жолдасқызы Алекешева санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудегі еңбегіне жоғары баға берді.
Қорытынды сөз сөйлеген Халел Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің аға кураторы Жанат Бекмұханбетқызы Бейсенбинова іс-шараға қатысқан қонақтар мен баяндамашыларға, оқытушылар мен студенттерге алғыс білдірді. Ол санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуы кәсіби сабақтастыққа, ғылыми білімге, цифрлық технологияларға және болашақ мамандардың жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
Іс-шара нәтижесінде білім алушылар санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тарихы, қазіргі міндеттері және болашақ даму бағыттары туралы білімдерін кеңейтті. Кездесу кәсіби тәжірибе алмасуға, студенттердің зерттеушілік және шығармашылық белсенділігін арттыруға, сондай-ақ эпидемиология мен гигиена саласындағы цифрлық трансформацияның мүмкіндіктерін тереңірек түсінуге ықпал етті.
Іс-шараны АИТВ инфекциясы және инфекциялық бақылау курсымен эпидемиология кафедрасы, Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы және 4-курс студенттері ұйымдастырды. Модераторлар – аға куратор Ж.Б. Бейсенбинова және эдвайзер Э.И. Кусайынова. Ұйымдастыру жұмыстарына Л.Ж. Алекешева, Л.Ж. Темірбаева, А.Қ. Текманова, Г.С. Мақсұтова және А.Ж. Кусаинова қатысты.
















