ҚазҰМУ алғаш рет Times Higher Education әлемдік рейтингіне енді
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті алғаш рет Times Higher Education World University Rankings 2027 әлемдік рейтингіне еніп, 1201-1400 орындар аралығына жайғасты.
Рейтингке Қазақстанның 10 жоғары оқу орны енді. Олардың арасында ҚазҰМУ екінші орынды иеленді.
Times Higher Education World University Rankings – жоғары оқу орындарының қызметін кешенді бағалайтын әлемдегі ең беделді халықаралық рейтингтердің бірі. Рейтинг университеттерді білім беру мен ғылыми-зерттеу ортасының сапасы, академиялық және ғылыми беделі, жарияланым белсенділігі, ғылыми еңбектердің дәйексөз алу көрсеткіші мен ықпалы, халықаралық ынтымақтастығы, индустриямен байланысы және инновацияларды дамытуға қосқан үлесі бойынша бағалайды.
Рейтингті қалыптастыру барысында университеттің ғылыми қызметінің нәтижелері, зерттеулердің сапасы мен өзектілігі, ғалымдардың халықаралық жобаларға қатысуы, шетелдік студенттер мен оқытушылардың үлесі, халықаралық ғылыми әріптестік пен бірлескен авторлықтың дамуы, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді тәжірибеде қолдану көрсеткіштері ескеріледі.
ҚазҰМУ-дың THE әлемдік рейтингіне енуі – университет тарихындағы маңызды жетістік әрі оның халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі ұстанымының нығая түскенінің айқын дәлелі. Бұл нәтиже медициналық білім беру сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту, зерттеушілерді қолдау және халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
ҚазҰМУ-дың аталған рейтингке енген Орталық Азиядағы алғашқы медициналық университет атануы университет үшін ғана емес, бүкіл өңірдің медициналық білім беру жүйесі үшін де айрықша маңызға ие. Бұл жетістік Қазақстанның медициналық білімі мен ғылымының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын айғақтайды.
https://www.timeshighereducation.com/world-university-rankings/latest/world-ranking


