Алматыда жүктілік кезіндегі бауыр ауруларын емдеудің жаңа тәсілдері талқылануда
Алматыда 26 елден келген мыңға жуық дәрігер мен ғалым бауыр аурулары бар жүкті әйелдерді бақылау мен емдеудің жаңа халықаралық тәсілдерін талқылап жатыр. APASL конференциясында жариялауға әзірленіп жатқан клиникалық ұсынымдар халықаралық сарапшылардың қарауына ұсынылды.
Бауырды зерттеу жөніндегі Азия-Тынық мұхиты қауымдастығының (APASL) «Бауыр аурулары және жүктілік» тақырыбындағы конференциясы 8–10 қазан аралығында XI Орталық Азия гастроэнтерология апталығымен бірге өтіп жатыр. Іс-шараны С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қолдауымен Бауырды зерттеу жөніндегі қазақ қауымдастығы ұйымдастырды.
Ғылыми бағдарламада жүктілік кезіндегі бауыр ауруларын диагностикалау және емдеу жөніндегі APASL-дың жаңа ұсынымдарына басымдық берілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ұсынымдар жарияланар алдында алғаш рет Алматыда халықаралық сарапшылардың талқылауына ұсынылып отыр.
Бауыр ауруы бар жүкті әйелді бақылау және емдеу клиникалық медицинадағы күрделі міндеттердің бірі саналады. HELLP-синдромы, жүкті әйелдердің жедел майлы гепатозы, бауырішілік холестаз, бауырдың вирустық және аутоиммундық зақымдануы тез өршіп, ана мен бала үшін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы бағалауынша, әлемде жыл сайын жүктілік пен босану кезіндегі асқынулардан 260 мыңға жуық әйел қайтыс болады. Бұл күніне 700-ден астам әйел деген сөз. Мұндай өлім жағдайларының едәуір бөлігінің алдын алуға болады.
Конференцияның ашылуында форумның құрметті төрағасы, ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов мұндай науқастарға көмек көрсетуде қауіпті ерте анықтау мен түрлі мамандық дәрігерлерінің бірлесе жұмыс істеуі шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Мықты денсаулық сақтау жүйесінде жетекші орталықтардан бастап медициналық көмектің барлық деңгейінде дұрыс клиникалық шешім қабылдауға мүмкіндік болуы керек. Бауырдың ауыр дертіне шалдыққан жүкті әйел үшін мұндай шешім ана мен баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін», – деп атап өтті Марат Шоранов.
Ректордың айтуынша, халықаралық ұсынымдар клиникалық тәжірибеге мүмкіндігінше тез енгізілуге тиіс. Оларды дәрігерлерді даярлауда, резидентура мен біліктілікті арттыру бағдарламаларында және медициналық ұйымдардың күнделікті жұмысында қолдану қажет.
Жүкті әйелді тиісті медициналық ұйымға уақтылы жолдау мәселесі де маңызды. Бауырдың ауыр ауруына шалдыққан әйел алдымен аудандық ауруханаға, емханаға немесе перинаталдық орталыққа жүгінуі мүмкін. Сондықтан ем нәтижесі көбіне дәрігердің қауіпті қаншалықты ерте анықтап, қажетті мамандардың көмегін дер кезінде ұйымдастыра алуына байланысты. Науқастың жағдайына қарай оны емдейтін топқа гепатолог, акушер-гинеколог, реаниматолог, трансфузиолог, инфекционист және неонатолог қатысуы мүмкін.
Бауырды зерттеу жөніндегі қазақ қауымдастығының төрағасы, ҚазҰМУ гастроэнтерология кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Нерсесов конференцияда APASL-дың жаңа ұсынымдары жан-жақты қарастырылатынын хабарлады. Қатысушылар жүкті әйелдердегі бауыр ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін де талқылайды.
«Бұл ұсынымдар жарияланғаннан кейін Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі дәрігерлердің күнделікті жұмысында қолданылып, бауыр аурулары бар жүкті әйелдерге дәлелді медицина қағидаларына сай көмек көрсетуге негіз болады деп сенеміз», – деп мәлімдеді Александр Нерсесов.
Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіші төмендеп келеді. 2026 жылдың жеті айында ол 17,5 пайызға азайған. Жалпы көрсеткіштер жақсарған сайын бірнеше ауыр ауруы қатар жүретін, сирек кездесетін дертке шалдыққан немесе жағдайы тез нашарлайтын жүкті әйелдерге көрсетілетін көмектің маңызы арта түседі.
Конференция қатысушылары қауіпті ерте бағалау және науқастарды қауіп дәрежесіне қарай топтау, ауруларды анықтау, жүкті әйелдерді тиісті медициналық ұйымдарға жолдау мәселелерін талқылап жатыр. Сондай-ақ күрделі клиникалық жағдайларда емдеу тактикасын таңдау мен түрлі сала мамандарының бірлескен жұмысына көңіл бөлінген.
Үш күндік ғылыми бағдарлама жүктілік кезіндегі бауыр ауруларымен қатар, қазіргі гепатология мен гастроэнтерология, дәлелді медицина және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелерін қамтиды.














