ҚазҰМУ мен Гент университеті студенттермен алмасу мен ғылыми ынтымақтастықты дамытуды талқылады
2026 жылдың 15 қазанында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде (ҚазҰМУ) Бельгияның Гент университеті өкілдерімен кездесу өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – академиялық өзара іс-қимыл перспективаларын талқылау, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту және университеттер арасындағы ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейту.
Гент университетінің делегациясы құрамында Медицина және денсаулық ғылымдары факультетінің қауымдастырылған профессоры Elizaveta Padalko және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі кеңесші Anna Sashchenko болды.
ҚазҰМУ атынан кездесуге Басқарма төрағасы – ректордың кеңесшісі Мақсұт Құлжанов, Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаменті басшысының міндетін атқарушы Меруерт Якупова, Медицина мектебі деканының міндетін атқарушы Слу Измайлова, Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы Жанат Кожекенова, Магистратура және докторантура бөлімінің басшысы Сауле Есенкулова, Академиялық жұмыс департаментінің басшысы Назігүл Аманкелді, Ғылым департаментінің басшысы Альфия Шамсутдинова, Жалпы дәрігерлік практика – 1 кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жанна Нурмаханова және аталған кафедраның профессоры Айнур Ешманова қатысты.
Кездесу барысында тараптар медициналық білім беру саласындағы әріптестікті дамыту, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру және бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Бакалавриат, магистратура және интернатура бағдарламаларында білім алушыларға арналған студенттік алмасу бағдарламаларын ұйымдастыруға, сондай-ақ университетаралық ынтымақтастық аясында клиникалық тағылымдамадан өту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Сапар аясында Гент университетінің өкілдеріне ҚазҰМУ кампусы бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Делегация микробиология бөлімшелерін, геномдық зертхананы, Б. Атчабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтын, сондай-ақ № 7 оқу корпусын аралады. Сапар барысында қонақтар университеттің ғылыми және білім беру инфрақұрылымымен, зерттеу бағыттарымен және болашақ академиялық әрі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға негіз бола алатын мүмкіндіктерімен танысты.
Кездесу ҚазҰМУ мен Гент университеті арасындағы халықаралық әріптестікті дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Ол академиялық алмасуды кеңейтуге, ғылыми байланыстарды нығайтуға және студенттер мен жас зерттеушілердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.








































