ҚазҰМУ ғалымдары «болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында жинақтаған халықаралық ғылыми тәжірибелерімен бөлісті
2026 жылғы 20 қазанда сағат 11:30-12:30 аралығында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармация мектебінде, профессор Ю. Чхоль Чху атындағы №4 аудиторияда (ОК-7, 2-қабат) ««Болашақ» бағдарламасы аясындағы ҚазҰМУ Фармация мектебі оқытушыларының халықаралық ғылыми тағылымдамалары: тәжірибесі мен перспективалары» тақырыбында «Фармация» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламаларының білім алушыларына, магистранттарға, докторанттарға және жас ғалымдарға арналған мотивациялық кездесу өтті.
Кездесудің спикерлері – Фармацевтикалық технология кафедрасының ғылыми атағы жоқ қауымдастырылған профессорлары, PhD А.Ш. Амирханова және PhD М.К. Койлыбаева.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылар мен жас зерттеушілерді халықаралық ғылыми бағдарламалардың мүмкіндіктерімен таныстыру, шетелдік жетекші университеттерде ғылыми тағылымдамадан өту тәжірибесімен бөлісу, олардың ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын арттыру және халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа ынталандыру.
Кездесу барысында спикерлер «Болашақ» халықаралық стипендиясының «500 ғалым» жобасы аясында 2026 жылғы 8 қаңтар мен 10 қазан аралығында Ұлыбританияның Ланкастер университетінде өткен ғылыми тағылымдамалары туралы баяндады.
Ғылыми тағылымдама Ланкастер университетінің профессоры Дэвид Миддлтонның (Prof. David A. Middleton) жетекшілігімен жүзеге асырылды. Тағылымдама барысында шетелдік ғалымдармен бірлескен зертханалық жұмыстар жүргізіліп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қаланды.
Қатысушыларға Ланкастер университетінің білім беру және ғылыми-зерттеу жүйесі, халықаралық рейтингтердегі орны, ғылыми инфрақұрылымы, заманауи зертханалары, ғылыми кітапханасы және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктері таныстырылды.
Ғылыми тағылымдама барысында дәрілік өсімдіктердің фитохимиялық құрамы зерттеліп, биологиялық белсенді қосылыстарды бөліп алу мен талдаудың заманауи әдістері меңгерілді. Алынған нәтижелер негізінде халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдар дайындау жоспарлануда.
Кездесуде спикерлер халықаралық ғылыми конференцияларға қатысу тәжірибесімен бөлісіп, «Болашақ» бағдарламасына қатысуға дайындалу, шетелдік ғылыми жетекшілермен байланыс орнату және ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту мәселелеріне тоқталды.
Іс-шара жас зерттеушілердің халықаралық ғылыми тағылымдамаларға қызығушылығын арттыруға және жинақталған тәжірибені отандық фармацевтикалық ғылымда қолдану мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталды.








