С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Оқырман ұрпақ» жәрмеңкесі өтті
2026 жылғы 19 қазанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында кітап оқуды насихаттауға және білім алушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған кітап көрмесі, кітап алмасу және оқылған шығармалар туралы пікір алмасу іс-шарасы өтті.
«Оқырман ұрпақ» жәрмеңкесін Білім алушыларды дамыту және қолдау департаменті, Тәрбие жұмысы және студенттік бастамалар орталығы, студенттік декандар, Тілдік пәндер кафедрасы ұйымдастырды.
Кітап көрмесі сағат 10.00-де ашылды. Көрмеде студенттік декандар өздерінің кітап қорларындағы әдебиеттерді көпшілік назарына ұсынып, келушілерге түрлі жанрдағы кітаптармен танысуға мүмкіндік берді. Жалпы медицина мектебінің шақыруымен баспа өкілдері қатысты.
Жәрмеңкенің жалғасы сағат 14.30-да «Кітап оқитын ұлт» жобасының ресми ашылуымен жалғасты. Модератор: Білім алушыларды дамыту және қолдау департаментінің басшысы Ш.Р. Шермет.
Алғы сөз сөйлеген университет проректоры У.М. Датхаев кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталып, кітап оқу білімді тереңдетуге, дүниетанымды кеңейтуге және тұлғалық дамуға ықпал ететінін атап өтті. Сөзінің соңында ол кітап оқу бұрышына өзімен бірге ала келген кітаптарын табыстады.
Қатысушылар өздері оқыған кітаптар туралы ой бөлісіп, кітап оқудың жаңа білім алуға, ізденуге және өзін-өзі дамытуға ынталандыратынын атап өтті.
Сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт» марафонының ресми сайты таныстырылып, оған кіру және мүмкіндіктерін пайдалану тәртібі кезең-кезеңімен түсіндірілді. Кітап оқудың білім алудағы және рухани дамудағы маңызы туралы ақпараттық презентация көрсетілді.
Қорытындылай келе CAOS студенттік ғылыми-хирургиялық үйірмесінің мүшелері танымал көркем әдебиет шығармалары бойынша викториналық ойын ұйымдастырды. Интеллектуалдық сайыс студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, оқыған шығармалары туралы білімдерін ортаға салуға мүмкіндік берді.
Студенттер кітап оқу арқылы бос уақытын тиімді пайдалануға және оқыған әдебиеттерімен алмасуға шақырылды.
Бүгінгі «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы жұмыстар челлендждер мен акциялар өткізу арқылы жалғасын табады.





























