Диабетологияның өзекті мәселелері ҚазҰМУ-да өткен халықаралық сарапшылар форумында талқыланды
Жыл сайын 14 қарашада инсулинді ашқан ғалымдардың бірі Фредерик Бантингтің туған күніне орай Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні атап өтіледі. Осы күн қарсаңында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Almaty Diabetes Forum халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Университет «Орталық Азия диабетология форумы» қоғамдық қорымен бірлесіп жыл сайын өткізетін конференция биыл Қазақстан, Жапония, Беларусь, Ресей және Қырғызстанның жетекші ғалымдарын, эндокринологтері мен зерттеушілерін Алматыда тоғыстырды.
Форумда көтерілген мәселелердің өзектілігі қант диабетінің кең таралуымен тікелей байланысты. Халықаралық диабет федерациясының (IDF) бағалауынша, әлемде 589 миллионға жуық ересек адам қант диабетімен өмір сүреді. Олардың 252 миллионы өзінде бұл дерт барын білмеуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша елімізде қант диабетімен ауыратын 580 085 адам динамикалық бақылауда болған. Бір жыл ішінде олардың саны 45 052 адамға, яғни 8,4 пайызға өскен. Федерацияның бағалауынша, әлі анықталмаған жағдайларды қоса есептегенде, Қазақстанда қант диабетімен өмір сүретін адамдар саны 842,3 мыңға жетуі мүмкін.
2026–2027 жылдары Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні Early Action on Diabetes («Диабетке қарсы ерте әрекет ету») тақырыбына арналды. Қазақстанда да ауруды ерте анықтауға бағытталған шаралар қолға алынып жатыр. Биылдан бастап қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Енді азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан скринингтен өте алады. Алматыда Эндокринология және диабет жөніндегі республикалық құзыреттілік орталығы ашылды.
Форум бағдарламасы ғылыми жетістіктерді клиникалық тәжірибеге енгізуге қатысты жеті негізгі мәселені қамтыды. Алдымен мамандар жаңа буын препараттарының, соның ішінде инкретиндік препараттар мен тирзепатидтің, үштік агонистер мен амилин аналогтарының мүмкіндіктерін қарастырды. Үштік агонистердің бірі – ретатрутид алдағы екі-үш жылда клиникалық тәжірибеге енуі мүмкін. Сарапшылар жаңа емдеу тәсілдерін Қазақстанда енгізудің клиникалық және экономикалық негіздерін, сондай-ақ диабетті бақылауда цифрлық технологияларды қолданудың ем нәтижесіне ықпалын талқылады. Күн тәртібіне қант диабеті жүрекшелер фибрилляциясымен және өзге де кардиометаболикалық бұзылыстармен қатар жүргенде асқыну қаупін азайту, семіздікті емдеуде халықаралық стандарттарды қолдану және диабеттік нейропатия сияқты асқынуларды ерте анықтау мәселелері де енді. Егде жастағы адамдарға, жүкті әйелдерге және қатар жүретін эндокриндік аурулары бар пациенттерге емді жеке таңдау мәселесіне арнайы назар аударылды.
Қазіргі диабетологияда қандағы глюкоза деңгейін бақылаумен қатар, диабет кезінде зақымданатын ағзаларды қорғауға басымдық беріледі. Бұл бағыттың ғылыми негіздері туралы жапониялық ғалым, Нагоя университетінің іргелі медицина кафедрасының профессоры Тошихико Яда баяндады. Профессор қазақстандық әріптестерімен алты жылдан бері бірлесіп зерттеу жүргізіп келеді. 2026 жылғы қазанда Diabetes журналында оның қатысуымен жүргізілген зерттеудің нәтижелері жарияланды. Онда тамақтанғаннан кейін қандағы глюкоза деңгейін реттеудегі глюкагон тәрізді пептид-1 (ГТП-1) мен глюкагон сигналдарының рөлі қарастырылған.
– Семаглутид сияқты ГТП-1 рецепторының моноагонистері мен тирзепатид секілді қос агонистердің пайда болуы қант диабеті мен семіздікті емдеу тәсілдерін түбегейлі өзгертті. Дегенмен олардың әсер етуінің физиологиялық механизмдері әлі толық зерттелген жоқ. Қант диабеті мен артық салмақ жүрек-қантамыр және бүйрек ауруларынан бастап, егде жастағы әлсіздік синдромы мен бұлшықет массасының азаюына дейінгі бірқатар ауыр асқынуға әкеледі. Жаңа препараттардың осы бұзылыстардың әрқайсысына қалай әсер ететінін түсіну үшін клиникалық зерттеулерді іргелі физиологиялық зерттеулермен ұштастыруымыз қажет, – деді Тошихико Яда.
Профессор конференцияға қатысқан жас мамандардың даярлығын жоғары бағалап, тәжірибелі дәрігерлер мен жас зерттеушілер арасындағы ғылыми байланыстың нығая түсетініне сенім білдірді.
Ғылыми әзірлемелер мен цифрлық технологиялардың дәрігерге күнделікті қабылдау кезінде қандай көмек бере алатынын медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚазҰМУ-дың эндокринология кафедрасының меңгерушісі, Алматы қаласының бас штаттан тыс эндокринологі Светлана Большакова нақты клиникалық жағдай арқылы түсіндірді. Оның келтірген дерегіне сәйкес, Алматыда қант диабетімен ауыратын 68 632 адам есепте тұр. Соның ішінде 65 354 адамда 2-типті, ал 3 133 адамда 1-типті қант диабеті анықталған.
Светлана Большакова медициналық ақпараттық жүйеге енгізілген «Алимал» цифрлық көмекшісінің жұмысын 75 жастағы пациенттің мысалында көрсетті. Алгоритм бірнеше секунд ішінде пациенттің медициналық картасын талдап, шумақтық сүзілу жылдамдығын автоматты түрде есептейді, жүректің ишемиялық ауруы бар екенін ескертеді және қажетті тексерулердің қайсысы жүргізілмегенін көрсетеді. Бұл жағдайда жүйе дәрігердің назарын диабеттің ұзақ уақыт бойы декомпенсация сатысында болғанына аударған. Пациенттің гликирленген гемоглобин деңгейі бірнеше жыл бойы 11–13 пайыз аралығында сақталған.
– Бүгінгі басты міндетіміз – жиналған деректерге сүйеніп, пациенттің ем нәтижесін жақсартатын клиникалық шешімді дер кезінде қабылдау. Цифрлық көмекші дәрігерге бірнеше секунд ішінде жүрек-қантамыр ауруларының қаупін бағалауға, бүйрек қызметінің төмендегенін байқауға және қандай тексерулер жетіспейтінін анықтауға мүмкіндік береді. Цифрландырудың құндылығы енгізілген құралдардың санымен емес, олардың дәрігерге жүрек пен бүйректі қорғайтын емді қашан бастау қажеттігін дер кезінде көрсете алуымен өлшенеді. Мұндай ем инфаркт пен инсульттің алдын алуға, ауруханаға жатқызу қаупін азайтуға және созылмалы бүйрек ауруының үдеуін тежеуге бағытталған, – деді Светлана Большакова.
Медицина ғылымдарының кандидаты, Азия диабетті зерттеу қауымдастығының (AASD) атқарушы комитетінің мүшесі Жанай Ақанов медициналық көмекті ұйымдастыру, демография және фармакоэкономика мәселелеріне тоқталды. Ол жапониялық әріптесінің пікірін қолдап, жас дәрігерлер мен зерттеушілердің конференцияға белсене қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы онжылдықтарда бүгін талқыланған технологияларды әрі қарай дамытып, тәжірибеге енгізетін де осы буын.
Жанай Ақановтың айтуынша, Қазақстан семіздіктің таралу қарқыны бойынша бұрынғы кеңестік республикалар арасында алғашқы бестікке кіреді. Еліміздегі мектеп оқушыларының 21 пайызға жуығында артық салмақ бар. Сарапшы жүйелі профилактиканың жеткіліксіздігінен дәрігерлер балалар арасында 2-типті қант диабетін жиі анықтап жүргенін айтты. Ол семіздіктің адам өміріне төндіретін қаупіне де назар аударды. Спикердің сөзінше, 2026 жылғы мамырда Чикагода өткен конгресте онкологтер семіздікті сүт безі, қалқанша безі және әйелдердің репродуктивтік жүйесі ағзалары обырының даму қаупін арттыратын дәлелденген фактор ретінде таныған.
Жанай Ақановтың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығын бойынша қант диабеті бірінші орында тұр. Мемлекет қант диабетін емдеуге арналған препараттарға жыл сайын 60 миллиард теңгеге жуық қаражат бөледі. Бұл сома онкологиялық және кардиологиялық ауруларға арналған дәрі-дәрмек шығындарынан асып түседі. Осы жағдайда дәрілік заттарды жеткізуді ұйымдастыру және сатып алу көлемін пациенттердің нақты қажеттілігіне сай жоспарлау ерекше мәнге ие.
– Елімізде күн сайын қант диабетінің жүзден астам жаңа жағдайы тіркеледі. Алайда пациенттерге берілетін дәрі-дәрмек олардың клиникалық қажеттілігіне әрдайым сай келе бермейді. Мысалы, қант диабетімен ауыратын он адамның алтауында асқынулар бар делік. Осы алтауы да ағзаларды қорғайтын емге мұқтаж, бірақ қазіргі өтінімдер бойынша олардың жартысы ғана қажетті емді алады. Жоспарлаудағы олқылықтар мен диагностикалық хаттамалардың толық орындалмауы салдарынан асқынулар көбейіп келеді. Елімізде күн сайын алты рет аяқ ампутациясы жасалады. Емдеу тактикасын таңдағанда дәрігер де, клиника басшысы да формалды үнемді немесе түпнұсқа препараттар мен дженериктер төңірегіндегі пікірталасты басшылыққа алмауы керек. Шешім клиникалық зерттеулердің деректеріне және әр пациенттің жүрек-қантамыр жүйесіне, бүйрек қызметіне, зат алмасуына байланысты нақты қауіптерге негізделуге тиіс, – деді Жанай Ақанов.
Пленарлық баяндамалармен қатар форум аясында тирзепатидті клиникалық тәжірибеде қолдануға арналған симпозиум өтті. Fujita Health University өкілі, Орталық Азия диабетология форумының президенті Арман Дүйсенбаев үштік агонистер мен амилин аналогтарын қолданудың келешегі туралы баяндады. Беларусь мемлекеттік медицина университетінің өкілі Максим Лущик семіздікті емдеудің халықаралық стандарттарын таныстырды. Жас ғалымдар секциясында ҚазҰМУ студенттері, интерндері мен резиденттері гестациялық қант диабеті, саркопениялық семіздік және диабеттік нейропатияны ерте анықтау бойынша жүргізген зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды.
Форумға қатысушылар ҚазҰМУ-дың Қазақстандағы халықаралық академиялық алмасудың негізгі орталықтарының бірі екенін атап өтті. Жыл сайын университеттің ондаған студенті мен оқытушысы шетелде тағылымдамадан өтеді. Ал шақырылған профессорлар бағдарламасы іске қосылғалы бері ҚазҰМУ-да екі-үш мыңға жуық жетекші шетелдік маман дәріс оқыған.



































