ANaMed Forum – New Generation 2025: ҚазҰМУ қабырғасында жасанды интеллект пен медицинаның болашағы тоғысты
2025 жылғы 4–5 маусым күндері Алматыда, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында медициналық ғылым мен білім беру саласындағы ауқымды халықаралық форум — ANaMed Forum – New Generation 2025 өтіп жатыр. Форумға 20 елден келген 1 500-ден астам қатысушы — әлемге танымал ғалымдар, тәжірибелі дәрігерлер, студенттер, бизнес пен мемлекеттік құрылым өкілдері жиналды.
Форум ҚазҰМУ-дың 95 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Бүгінде университет — елдегі әр үшінші дәрігердің туған ордасы ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы цифрлық медицинаның даму бағытын айқындап отырған көшбасшы білім ордасы.
Форумның басты тақырыбы — жасанды интеллектті денсаулық сақтау жүйесіне енгізу. Қатысушылар диагностика, жеке терапия, телемедицина, цифрлық білім беру және клиникалық деректерді басқару бойынша инновациялық шешімдерін ұсынуда. Негізгі мақсат — XXI ғасыр дәрігерінің жаңа бейнесін қалыптастыру: ол медицина ғылымын ғана емес, сонымен қатар деректермен жұмыс істеу, технология мен кәсіпкерлік саласында да құзыретті болуы тиіс.
ANaMed Forum — бұл Asfen.Forum бастамасының жалғасы. 2023 жылы алғаш рет ҚазҰМУ ұйымдастырған бұл бастама халықаралық мойындауға ие болған еді. Биылғы форум ауқымы жағынан да, технологиялық мазмұны бойынша да едәуір кеңейіп отыр.
Форум бағдарламасына мыналар кіреді:
• Пленарлық сессиялар, мастер-класстар, симпозиумдар
• AI-хакатон ANaMed AI Challenge (жүлде қоры — 5 млн теңгеге дейін)
• Жас ғалымдар байқауы (KazNMU Endowment стипендияларымен)
• Ғылыми стартаптар питчингі және демо-күн
• Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ұжымынан «Санжар Асфендияров» тарихи драмасының премьерасы
ANaMed Forum – New Generation 2025 ауқымы:
• 14 ғылыми секция
• ANaMed AI Challenge
• Жас ғалымдарға арналған конкурстар мен стипендиялар
• Медицина саласындағы негізгі бағыттар бойынша сателлиттік конференциялар
Ғылыми секциялардың тақырыптары:
• Биомедицина, цифрлық хирургия, оңалту
• Эндокринология, гинекология, неврология, ядролық медицина
• Жеке медицина және жоғары технологиялар
• Стоматология, туберкулез, репродуктивті денсаулық
Форумның салтанатты ашылуында үздік ұстаздар мен медицина саласының көрнекті өкілдеріне «Алтын ұстаз» және «Алтын шипагер» құрметті марапаттары табысталды. Бұл марапаттар — еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, болашақ дәрігерлерді тәрбиелеуге және медициналық көмектің сапасын арттыруға қосқан орасан үлестің айғағы.
Бүгінгі ҚазҰМУ:
• QS WUR 2025 жаһандық рейтингінде әлемнің үздік 1000 университетінің қатарына енген;
• 16 мыңнан астам студент білім алуда, оның ішінде 3 мыңға жуық шетелдік студент;
• 85 білім беру бағдарламасы, 167 клиникалық база, түлектердің 99 пайызы еңбек нарығында сұранысқа ие;
• Өз технопаркі, заманауи симуляциялық орталығы және Эндаумент-қоры бар;
• Scopus базасында 17 мыңнан астам ғылыми мақала жарияланған, 353 дәйексөз тіркелген;
• Қазақстандағы ең ірі Симуляциялық орталық жұмыс істейді.
ANaMed Forum — бұл жай ғана пікір алмасу емес, болашақ медицинасын қалыптастыратын алаң. Мұнда ғылыми идеялар стартапқа айналады, студенттік бастамалар қаржыландыруға ие болады, ал жасанды интеллект дәрігердің нақты құралына айналады.
ANaMed Forum – New Generation 2025 баршаңызға ашық. Медицина болашағы осы жерден басталады.