ANaMed Forum – New Generation 2025: Жастар, ғылым мен жасанды интеллект тоғысатын халықаралық алаң
2025 жылдың 4–5 маусымы күндері Алматыда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 95 жылдығына орайластырылған ANaMed Forum – New Generation 2025 халықаралық форумы өтеді.
Бұл — Қазақстан мен әлемнің әр түкпірінен жиналатын 1500-ден астам қатысушыны біріктіретін айтулы ғылыми жиын. Форум аясында жетекші ғалымдар, болашағынан үміт күттіретін жас зерттеушілер, студенттер мен медицина саласының майталмандары бас қосады.
Форумның өзекті өзегі — жасанды интеллектті денсаулық сақтау жүйесіне енгізу. Қатысушылар заманауи технологияларды пайдалана отырып, дәл әрі жедел диагностика, жекелендірілген емдеу, телемедицина, цифрлы білім беру және клиникалық үдерістерді автоматтандыру бойынша тың шешімдерін ұсынады.
Атап айтқанда, форум аясында ANaMed AI Challenge хакатоны өтеді. Бұл — жасанды интеллектке негізделген озық жобалар бәйгесі. Үздік жұмыстар сарапшылардың жоғары бағасын алып, қолдауға, гранттар мен коммерцияландыруға жол ашпақ.
Форум аясында:
-
халықаралық деңгейдегі спикерлер қатысатын ашық пікірталастар;
-
медицинаның маңызды бағыттарын қамтитын ғылыми секциялар;
-
KazNMU Endowment қорының қолдауымен ұйымдастырылған жас ғалымдар байқауы;
-
жетекші профессорлар тағайындаған атаулы стипендиялар ұсынылады.
ANaMed Forum – New Generation 2025 — бұл ғылым мен жаңашылдықтың тоғысқан тұғыры. Ол — заманауи медицинаның бағытын айқындайтын, идеялар мен тәжірибе еркін алмасатын халықаралық алаң.