«ANaMed Forum – New Generation 2025» форумында ҚР Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді
2025 жылғы 4 маусымда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында “ANaMed Forum – New Generation 2025” атты ауқымды форум өз жұмысын бастады.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Рәміздер күніне арналған ерекше рәсіммен ашылды: Мемлекеттік Әнұран шырқалып, арнайы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде енгізілді.
Форумның ашылу салтанатында ҚазҰМУ ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Шоранов Марат Едігеұлы сөз сөйлеп, форум қатысушыларына жылы лебізін білдіріп, форумның жастарға берер мүмкіндіктері мен ел медицинасын дамытудағы рөліне тоқталды.
Сондай-ақ форумға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Альназарова Ақмарал Шәріпбайқызының арнайы құттықтау хаты жолданды. Министр құттықтауында еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жолындағы жас мамандардың маңызын атап өтіп, форум жұмысына табыс тіледі.
Форум аясында медицинаның жаңа буынын қалыптастыру, ғылым мен практиканы ұштастыру, болашақ көшбасшыларды қолдау және инновациялық жобаларды дамыту мәселелері жан-жақты қарастырылатын болады.