CONSUMOR ALIIS INSERVIENDO
Ардақты хирург Өмірхан Садық ұлына арналады
Өмірхан Садық ұлының жұбайына асыл жар, балаларына ардақты әке, немерелеріне асқар таудай ата және жиендеріне сүйкімді нағашы, дүйім жұртқа атақты оташы, студенттерге ақылшы ұстаздың дүниеден өткеніне бір жылдың жүзі болып қалды.
XVII ғасырда өмір сүрген голландиялық дәрігер Николас ван Тульп дәрігерлердің күндіз, түні науқастарды емдеуге уақытын бөліп, өзінің денсаулығына мән бермейтінін ескере келіп: «басқаға жарық бере отырып, өзім бірте-бірте сөнемін», – деп жазған болатын.
Жоғарыда көрсетілген қанатты сөздерді жазып отырған себебіміз, Өмірхан Садық ұлы «Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының» хирургиялық бөлімшесінің кеңесшісі болып отыз жылдан астам уақыт жұмыс істеп, бірнеше жүздеген күрделі операциялар жасап, көптеген науқастарды өлімнен арашалап алып қалып, күні кеше ғана өзіне ота жасатқаннан кейін бірнеше күн өтпей жатып қайтадан адам жанын арашалауға кіріскен замат өзінің бұл пәни дүниеден біржолата өтіп кететінін білмей де қалған болар…
Соған байланысты күні кеше ғана ортамызда жарқылдап, биязы мінезімен жүрген, халыққа дегенде жан жүрегі елжірейтін абзал азаматымыздан айрылып қалу ешқайсымызға да оңайға түскен жоқ.
Садықов Өмірханның өмірбаянына келетін болсақ: ол 1952 жылы 4-сәуірде №16 ауыл Қазалы ауданы Қызылорда облысында шаруа от басында туылып, 1968 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетіне түсіп, оны 1975 жылы бітіріп шыққан болатын. 1975-1976 жылдары интернатураны хирургия мамандығы бойынша Алматы қалалық орталық ауруханасында өтіп, 1976 жылдан бастап Ұйғыр аудандық ауруханасында хирург, біршама уақыттан кейін хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып 1989 жылға дейін жұмыс істеді. 1989 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін Алматы облыстық көпсалалы ауруханасында дәрігер-хирург-эндоскопист, сонымен қатар С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жалпы хирургия кафедрасының ассистенті, доценті, профессор қызметін атқарды.
Ол құрсақ және кеуде қуыстарында орналасқан ағзаларға, несеп жолдарына ота жасай білетін білікті, жоғарғы санатты дәрігер-хирург еді. Сонымен қатар асқазан-ішек жолдарына лапароскопиялық операцияларды меңгерген маман болатын. Садықов Өмірхан Алматы облыстық ауруханада бірінші болып эндоскопиялық және ультрадыбыстық зерттеулерді енгізген ұстаз-маман еді.
Садықов Өмірхан өмірінің соңғы күндеріне дейін аптаның жүмыс аяғында тынығудың орнына сенбі–жексенбі, әрбірден соң мереке күндері Ұйғыр ауданына барып жедел, жоспарлы түрдегі күрделі операцияларды жасап, халықтың алғысына бөленген азамат еді.
Сол еңбектерін ескеріп ауданның әкімшілігі, елінің ұсынысын қолдап Садықов Өмірханға Ұйғыр ауданының «Құрметті азаматы» атағы беріліп, тұлпар силап, иығына мұқабалы шапан жапқан болатын.
Алла тағаланың жарлығы болар Өмірхан Садықұлы 26.04.2018 жылы күрделі түрде жасалынған операциядан кейін кенеттен қайтыс болды.
Өлім туралы Шығыстың атақта шайыры Омар Хайямның мынадай сөз маржандары еске түседі:
Мейлің кәрі, мейлі жас бол алға асар,
Ажал келіп алқымыңа жармасар.
Бұл жалғанда ешкім мәңгі қалмайды,
Келу, кету бізден соң да жалғасар.
Бұл жалғанға тап-таза боп келеміз,
Күле кіріп, уайымменен кетеміз.
Көз жасымен жүрек отын өшіріп,
Топыраққа айналамыз неге біз.
Сөз соңында айтарымыз, Өмірхан Садық ұлының жарқын бейнесі, қарапайым да кішіпейіл қалпы, абыройы оны білетін дүйім жұрттың есінде мәңгі қалады деген сенімдеміз.
Өмірхан бауырымыз! Жатқан жерің жарық, жаның жанатта, иманың бірге болсын дей отырып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бір шумақ өлеңімен аяқтағымыз келіп отыр:
Бәрін де қойшы…
Бәрі де өтер тоқтаусыз,
Өмір ме өмір?
Өнбей де өспей, жоқ-барсыз?
Кезегім келіп, кеткенде келмес сапарға,
Хабарсыз, ізсіз қалмасам екен жоқтаусыз.
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жалпы хирургия кафедрасының атынан А.Қаныбеков, Ю.Я.Рахматуллин