Олимпиадаға бес команда қатысты. Осы іс-шараға қатысқандар «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 3 және 4 курс қазақ бөлімінің студенттері. Командалардың атауы дәстүрлі түрде олимпиада тақырыбымен байланысты болды: «Альвеола», «Сурфактант», «Ацинус», «Тиффно» және «Шарко-Лейден кристалдары». Командалар төрт кезеңнің шарттарын орындауға міндетті болды. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша бес команданың үшеуі финалға өтті.
Командалар бірнеше кезеңнен өтуі керек:
- «Сұрақ-жауап», патофизиология және патанатомия бойынша 5 сұрақ ұсынылды;
- «Суреттер сөйлейді», олимпиадаға қатысушылар этиологияны және патогенезді түсіндіру арқылы клиникалық синдромды анықтауға тиіс болды;
- «Клиникаға жол», онда медициналық практикада теориялық білімді қолдану арқылы бірнеше ситуациялық есептерді шешу ұсынылды;
- «Мықтылар сайысы», онда капитандар бір ортақ клиникалық есепті шешуге міндеттелді;
Қазылар алқасы жалпы командалардың және капитандардың жарыс қорытындыларын есептеу кезінде, олимпиада көрермендері үшін де жарыс өткізіліп, онда студенттер үлкен қызығушылық танытты.
Командалар олимпиадаға патологиялық физиология кафедрасының доценті Төлепбергенова М.Ж. ұсынған ситуациялық тапсырмалар бойынша және патологиялық анатомия кафедрасының ассистенті Анаятова Б.Ж., ұсынған патоморфологиялық тапсырмалар бойынша екі пәнді біріктіре отырып іргелі білімдерін көрсетті. Студенттер патофизиология мен патанотомия пәндерінің оқу үрдісі арасындағы тығыз қарым-қатынасты ғана емес, оларды жалпы ағзамен байланыстыра отырып, интеграция принципін көрсетті.
Олимпиада басында жалпы медицина мектебінің деканы, м.ғ.д. Шопаева Г.А. жыл сайын өткізілетін зияткерлік олимпиада студенттерді дәрігердің кәсіби біліктілігін, соның ішінде білім мен клиникалық ойлауды дамытуға арналған платформа екендігін атап көрсетті. Ол сондай-ақ, бұл іс-шара төменгі курс студенттері үшін базалық пәндерді тереңдетіп оқытуға және жас оқытушылардың өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Іс-шараның соңында II Зияткерлік Олимпиадаға қатысушыларға сертификаттар мен шағын сыйлықтар табыс етілді.