Navabharat Global Excellence Summit 2025 Ғылыми-зерттеу жұмысы – білім беру процесінің негізі
2025 жылғы 24 қарашада Алматы қаласында “Navabharat Global Excellence Summit 2025” атты халықаралық саммит өтті. Бұл саммит диалогты, ынтымақтастықты және трансшекаралық мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған беделді халықаралық іс-шара ретінде ұйымдастырылған. Іс-шараның негізгі бөлігі “Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер” тақырыбындағы бір сағаттық панельдік пікірталас болды. Саммитке С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жоғары санатты дәрігері, м.ғ.д., профессор, бас ғылыми қызметкер Мусаев А.Т. қатысты.
Талқылау барысында ол білім беру жүйесінің ғылыми-зерттеу жұмысымен байланысы мәселесін көтерді. Осы мәселеге саммитке қатысқан көптеген шетелдік ғалымдар, инвесторлар, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдігінің өкілдері де қызығушылық танытты.
С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ғылыми жұмыстары жайлы ақпарат алу мақсатында Dr. Hemant B Agarwal Institute & Research Centre «Valentina DNA» және басқа ұйым өкілдерінен құралған делегаттар тобы «Қоғамдық пайдаланудағы орталық» ғылыми зертханасына барды. Бұл зертханада қазіргі заманғы биомедициналық-генетикалық зерттеулер жүргізіледі. Зертхананың жұмысымен зертхана меңгерушісі, м.ғ.к. Орадова А.Ш., сондай-ақ ғылыми қызметкерлер Тілеулес Ж.Б. және Турарова Д.Б. таныстырды.
Визит қорытындысы бойынша бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу ұсынылды. Аталған жобалар аясында тек отандық емес, сондай-ақ шетелдік магистранттар мен PhD докторанттарын даярлау жоспарланатын болады.
С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың зерттеу университеті мәртебесіне ие екенін ескере отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстары тек ғылыми қызметкерлердің ғана емес, студенттердің, резиденттердің және профессорлық-оқытушылық құрамның да қатысуымен жүргізілуі тиіс, өйткені ғылыми-зерттеу қызметі білім беру процесінің негізгі бөлігі болып табылады.









