Post-ECTRIMS 2025 пікірталас алаңы
18 қазанда Астана қаласында Шашыранды склерозды (ШС) емдеудің заманауи тәсілдері мен демиелинизациялық ауруларды жүргізу мәселелеріне арналған Post-ECTRIMS 2025 ғылыми-тәжірибелік пікірталас алаңы өтті. Іс-шараны құттықтау сөзімен және баяндамасымен Қазақстан Республикасының штаттан тыс бас неврологы, «С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» КЕАҚ жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Туруспекова С.Т. ашты. Сауле Тлеубергеновна ғылыми ынтымақтастықты күшейту және ШС-ды диагностикалау мен емдеуде заманауи халықаралық әдістерді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде индукциялық терапия стратегияларының дамуы пациенттердің болжамын айтарлықтай жақсартып, Қазақстандағы медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін баса айтты.
Спикерлер қатарында жүйке аурулары кафедрасының ассистент-профессоры Альмахановa К.К. сөз сөйлеп, біріншілік-прогрессиялы шашыранды склерозды (БПШС) диагностикалау мен емдеуге қатысты заманауи ғылыми көзқарастарға шолу жасады. Іс-шара барысында қазақстандық жетекші мамандардың баяндамалары мен клиникалық пікірталастары ұсынылды. Астана қаласының штаттан тыс бас неврологы, аутоиммундық аурулар орталығының жетекшісі, м.ғ.к. Сыздыкова Б.Р. ШС-дағы индукциялық терапияны қолдану тәжірибесімен және ем тиімділігін бағалау тәсілдерімен бөлісті. Демиелинизацияның иммунологиялық механизмдері жөнінде «Семей медицина университеті» НАО неврология, офтальмология және оториноларингология кафедрасының профессоры Хайбуллин Т.Н. баяндама жасады. Терапия тиімділігін мониторингтеу және пациенттерді жүргізуді оңтайландыру тәсілдері туралы Қарағанды қаласындағы аутоиммундық аурулар орталығының жетекшісі Евстафьева Н.А. сөз сөйледі. PhD докторы А.М. Курмантай балалардағы демиелинизациялық ауруларды диагностикалау және емдеу тәжірибесімен бөлісіп, педиатриялық жағдайлардың ерекшеліктеріне тоқталды.
Ақмола облысының штаттан тыс бас неврологы, м.ғ.к., Көкшетау көпбейінді облыстық ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Мартазанов М.Б. ШС-бен ауыратын пациенттерде отбасын жоспарлаудың заманауи тәсілдеріне шолу жасап, қауіпсіз терапевтикалық шешімдерді таңдауда дәрігер мен пациент арасындағы өзара әрекеттестіктің маңызын атап өтті. М.ғ.к., профессор, ОҚМА неврология, психиатрия және психология кафедрасының меңгерушісі, Түркістан облысының штаттан тыс бас неврологы Жаркинбекова Н.А. және м.ғ.к., профессор, «Астана медицина университеті» НАО неврология кафедрасының меңгерушісі Есжанова Л.Е. клиникалық жағдайларды талқылауға арналған интерактивті сессия өткізіп, оның барысында қатысушылар нақты терапевтикалық шешім қабылдау мысалдарын талқылады.
Эксперттер ШС-дың әртүрлі түрлері мен басқа да демиелинизациялық аурулары бар пациенттерді жүргізу бойынша заманауи ғылыми деректерге, халықаралық трендтерге және отандық тәжірибеге талдау жасады. Қатысушылар клиникалық көрсеткіштер мен биомаркерлерге негізделген дербестендірілген медицинаның маңызын атап өтті.
Post-ECTRIMS 2025 пікірталас алаңы кәсіби диалогты дамытуға және Қазақстандағы медициналық сараптама деңгейін арттыруға ықпал еткен маңызды ғылыми оқиға болды. Іс-шара «Рош Казахстан» компаниясының ақпараттық қолдауымен өтті.