QS World University Rankings 2026: ҚазҰМУ әлемнің үздік жоғары оқу орындары қатарында
2025 жылғы 25 қыркүйекте Алматы қаласында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Конкордия» театрында әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындары рейтингтерінің бірі – QS World University Rankings 2026 сертификаттарын табыстау рәсімі өтті.
Биылғы жылы QS тізіміне Қазақстанның 20 университеті енді. Егер 2020 жылы рейтингте небәрі бес жоғары оқу орны ғана болса, бүгінгі көрсеткіш отандық білім жүйесінің қарқынды дамуының айқын дәлелі.
Ұлттық көшбасшылар қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (166-орын), Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті (317-орын) және Satbayev University (405-орын) бар. Бұл нәтижелер қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық аренада сенімді бәсекеге қабілетті екенін айғақтайды.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті QS рейтингіне енген Қазақстандағы жалғыз медициналық жоғары оқу орны атанды. Ол әлем бойынша небәрі төрт тар салалы медициналық университеттің қатарында тұр. Аталған санаттағы оқу орындардың ішінде Taipei Medical University (597-орын), Tokyo Medical and Dental University (697-орын), Saveetha Institute of Medical and Technical Sciences (901–950-орын) және Beijing University of Chinese Medicine (1201–1400-орын) бар. ҚазҰМУ соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетуде: 2024 жылы университет әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының 31%-ына кірсе, 2025 жылы бұл көрсеткішті 17,2%-ға жақсартты, ал 2026 жылы 8467 университеттің ішінде үздік 13,2%-дың қатарына тұрақтады.
ҚазҰМУ соңғы жылдары тұрақты өсімге қол жеткізді. 2024 жылы университет әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының 31 пайыздық тобына енсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 17,2 пайыздық деңгейге көтерілді. Ал 2026 жылғы рейтингте 8467 университеттің ішінде үздік 13,2 пайыздың қатарынан орын алды.
ҚазҰМУ биыл QS World University Rankings тізімінде қазақстандық университеттер арасында 10-орынға шықты. Сондай-ақ университет алғаш рет QS пәндік рейтингіне «Медицина» бағыты бойынша енді. Бұл – Қазақстан үшін үлкен мәртебе. Өйткені медицина саласы әлемде ең қатты бәсекелес бағыттардың бірі саналады, оған Гарвард, Оксфорд, Стэнфорд сияқты алдыңғы қатарлы университеттер кіреді.
ҚазҰМУ – Орталық Азиядан QS Asia рейтингіне енген жалғыз медициналық жоғары оқу орны. 2023 жылы университет Азиядағы үздіктердің 39,6%-ының қатарына кірсе, 2025 жылы көрсеткішін 35%-ға дейін жақсартты. Ал Орталық Азия бойынша 65 университеттің ішінде алғашқы 24,6%-дың қатарынан көрінді.
QS World University Rankings рейтингі академиялық бедел, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы, білім беру сапасы, ғылыми әлеует пен халықаралық ынтымақтастық деңгейі сияқты негізгі көрсеткіштерге негізделген.
Салтанатты рәсімге QS компаниясының коммерциялық директоры Джейсон Ньюман, QS-тің Орта Азия және Шығыс Еуропа бойынша аймақтық директоры Сергей Христолюбов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, «Bilim Damu» ректорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдыков, министрлік, әкімдік өкілдері мен еліміздің жетекші университеттерінің ректорлары қатысты.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов атап өткендей:
«QS әлемдік рейтингінде ҚазҰМУ-дың үздік университеттер қатарына енуі – көп жылғы жүйелі еңбектің нәтижесі. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Университет өз позициясын нығайтып, Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде сұранысқа ие мамандар даярлауды жалғастыра береді».
Алматыда өткен сертификаттар табыстау рәсімі Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіндегі белсенді ойыншы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, қазақстандық университеттердің жаһандық академиялық қауымдастықтағы орны күн санап нығайып келе жатқанын көрсетті.