Türkçe Öğreniyoruz! ҚазҰМУ студенттер мен қызметкерлерге арналған түрік тілі курстары басталды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Алматы қаласындағы Түрік Республикасының Бас консулдығы арасында білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында университетте білім алушылар мен қызметкерлерге арналған түрік тілі курстарының ашылуы өтті. Курстың ашылуына Алматы қаласындағы Түркия Республикасы консулдығының Білім департаментінің атташесі Махмут Агырман, профессор Сафа Челеби, консулдықтың қызметкері Райхан Иса, Басқарма төрағасы-университет ректоры Талғат Нұрғожин, Корпоративтік даму жөніндегі проректор Убайдулла Датхаев, Академиялық қызмет жөніндегі проректор Клара Байльдинова, мектеп декандары, оқытушылар мен студенттер қатысты. Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап 3 ай бойы университеттің студенттері мен қызметкерлері TOMER курстарында түрік тілін тегін меңгереді. Соңғы үш жыл аралығында жетекші түрік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық көлемі қарқынды түрде артып келеді, оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығы белсендірілген, осыған байланысты түрік тілі курстарын тегін негізде ашу барлық ниет білдірушілер үшін өте өзекті және дер кезіндегі бастама болып табылады, бұл сөзсіз ҚазҰМУ үлкен отбасы мүшелерінің жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, академиялық ұтқырлық кеңістігін әрі қарай кеңейтеді.