XXVI Дүниежүзілік неврологтар конгресі (WCN 2025)
2025 жылғы 12-15 қазан күндері мәдени мұрасы мол, динамикалық мегаполис Сеулде (Оңтүстік Корея Республикасы) XXVI Дүниежүзілік неврология конгресі (WCN 2025) өтті. Іс-шараны ұйымдастырушы – Дүниежүзілік неврология федерациясы (WFN), оған Кореяның неврология қауымдастығы (KNA) қолдау көрсетті. Конгресс әлемнің түкпір-түкпірінен келген неврологтар, ғылыми зерттеушілер және денсаулық сақтау саласының мамандарын біріктіріп, ерекше және бай ғылыми бағдарламаға назар аудартты.
Форумның басты мақсаты – білім беру үрдісін дамыту және халықаралық тәжірибе алмасуды ынталандыру болды. Бағдарламаға сараптамалық дәрістер, тақырыптық ғылыми сессиялар және “Ақыл-ой турнирі” – түрлі елдердің жас мамандар командалары арасындағы интеллектуалдық жарыстар кірді. Конгресс аясында клиникалық біліктілікті арттыруға бағытталған оқыту курстары, президенттік және аймақтық симпозиумдар өткізілді, онда неврология саласындағы соңғы зерттеулердің нәтижелері мен технологиялық жаңалықтар таныстырылды. Сонымен қатар, «Профессормен кездесу» форматындағы сессиялар, интерактивті семинарлар және қазіргі заманғы неврологияның өзекті мәселелері бойынша кәсіби пікірталастар ерекше қызығушылық тудырды.
Қазақстан атынан жалғыз делегаттар ретінде Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасының профессоры Мухамбетова Г.А. мен кафедраның клиникалық жетекшісі, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас неврологы Саржанова С.М. қатысты. Олар еліміздің неврологиялық қызметінің өзекті мәселелері, жетістіктері мен болашағы туралы әріптестерімен пікір алмасты.
Конгресс жұмысы барысында қатысушылар практикалық дағдыларын тереңдетіп, неврология саласындағы қазіргі тәсілдерді сыни тұрғыдан қайта қарастыруға мүмкіндік алып, шетелдік әріптестер мен жетекші сарапшылармен кәсіби байланыстар орнатты. Назар аударылған негізгі тақырыптардың бірі – неврологиядағы жасанды интеллектті қолдану болды: фундаменталдық зерттеулерден бастап клиникалық практикаға дейін. Жасанды интеллекттің көмегімен неврологиялық көмек көрсетуді трансформациялау перспективалары, соның ішінде персоналдандырылған медицинаның дамуы, диагностиканың дәлдігін арттыру, болжамдық модельдерді жетілдіру және әртүрлі неврологиялық ауруларды емдеудегі терапевтік стратегияларды оңтайландыру талқыланды. Миастениямен ауыратын пациенттерді басқару бойынша жаңартылған клиникалық ұсынымдар қаралып, диагностика мен емдеудің қазіргі әдістері енгізілді. Емдеу тиімділігін арттыруға және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа деректер мен клиникалық тәсілдер ұсынылды.
Дәстүрлер мен заманауи инновацияларды үйлестірген мәдени бай Сеул қаласының атмосферасында конгрессті өткізу жоғары ғылыми мақсаттарға қол жеткізуге ғана емес, қатысушыларға маңызды мәдени тәжірибе алуға да ықпал етті.








