Алматыда жаңа жатақханалар ашылды
2024 жылы 24 тамызда жаңа оқу жылының қарсаңында жеке инвестиция есебінен 980 орындық 3 жатақхана салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, қоғам белсенділері мен қала жастары қатысты.
Жатақханалар барлық талапқа толықтай сай. Мұнда тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Корпуста студенттерге арналған коворкинг аймағы, асхана және конференц залы қарастырылған.
Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жатақхана мәселесі тікелей бақылауында екенін айтып, Алматыға оқуға келген студенттердің жоғары білім алумен қатар, жайлы жатақханада тұруларын қамтамасыз ету керектігін айтқан болатын.
Ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың құттықтау сөзін оқыды:
«Студенттер үйі – бұл Алматы картасындағы жай ғана жаңа нысан емес. Осындай жағдайда тұратын әрбір студент өзін үйіндегідей сезініп, жаңа ортаға оңай бейімделіп, сапалы білім алып, қаланың дамуына үлес қоса алады. Айта кетерлігі, бұл жатақханалар жеке қаражат есебінен салынды, бұл өз әлеуеті өзіне жететін мегаполис үшін жақсы тәжірибе», – деді мегаполис басшысы құттықтау сөзінде.
https://almaty.tv/kz/news/dgizn-megapolisa/1525-v-almaty-proshlo-otkrytie-novykh-obschedgitiy