Алматыда ракты жеңгендер сән үлгісін көрсетті
Алматыда қатерлі ісікті жеңген қыз-келіншектер сән үлгісін көрсетті. Егер дерттің белгілері ерте анықталса тез емделеді.
Оны обырмен ауырған жандар дәлелдеп отыр. Жыл сайын елде 40 мың адам қатерлі ісік ауруына шалдығады. Ең көп таралған түрі сүт безі, тоқ ішек және өкпе қатерлі ісігі. Дәрігерлер әр адам медициналық тексерістен өтіп тұруы тиіс дейді. Алматыда өткен қайырымдылық кешінде онкологтар, қоғамдық ұйым өкілдері бас қосып ауруды емдеу жолдарын да талқылады.
Бұл сіздер ойлағандай кәсіби модельдер емес. Олар сүт безі қатерлі ісігін жеңіп шыққан қыз-келіншектер. Сәнді киімдер танымал дизайнердікі. Рак диагнозы қойылғанда дүниеден баз кешіп кеткенін ешқайсысы жасырмайды. Өмірге деген құштарлық пен тиімді емшараның нәтижесінде ремиссия деңгейіне жеткен. Қазір түгел қалыпты өмір сүріп жүр. Бірі 37 жастағы алматылық Наталья Фёдорова. Оның оқиғасы киноға сценарий боларлықтай. Сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққанда жүкті болған. Босанбай жатып, операция жасалған. Кейін сәбиін аман-есен дүниеге әкеліп, емін жалғастырады.
Наталья Фёдорова, қала тұрғыны:
– 16 химия, 17 таргеттік терапия алдым. Аурумен күресті жеңіл деп айта алмаймын, Маған дәрігерлермен қоса отбасым, туған-туыстарым барынша қолдау білдірді. Бас кезінде баламды аман-есен өмірге әкелсем деген мақсат болды. Босанған соң күш-жігерім еселене түсті. Қазір ұлым Артем бесте. Білесіз бе грек тілінен аударғанда ол мінсіз денсаулық дегенді білдіреді. Өмірдің сыйы көп. Маған Артем денсаулық сыйлады.
Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай өткен қайырымдылық шара осындай жандарды қолдауға арналған. Академик Диляра Қайдарованың айтуынша, ХХІ ғасырда бұл індет үкім емес. Алғашқы сатысында анықталса емделіп кетуі әбден мүмкін.
Диляра Қайдарова, С. Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ бірінші проректоры:
– Біз қатерлі ісікті бірінші кезеңде анықтаған жағдайда толық емдей аламыз. Елімізде қазір барлық қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар жеткілікті. Сондықтан, скрининг өтіңдер деп талмай айтамыз. Сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігіне тегін тексеруден өтуге болады. Қазір рак ауруынан болатын өлім-жітім азайып келеді. Бұл – ауруды асқындырмай, дер кезінде дәрігерге қаралғанның нәтижесі.
Қайырымдылық кешке Астанадан арнайы келген жанның бірі-онколог Қуантхан Жабағин. Ол 35 мыңнан астам адамға консультация жасаған. Жиі қойылатын сұрақтардың жауабын жинап «Онколог без халата» деп аталатын кітап шығарыпты.
Қуантхан Жабағин, онколог, ядролық медицина дәрігері:
– Онкологиялық науқастарға кофе ішуге бола ма? Массаж жасауға бола ма? БАД ішуге бола ма? Витамин ішуге бола ма? Йогамен айналысуға бола ма? Спортпен айналысуға бола ма? Қоя алмай жүрген түрлі сұрақтар болады. Қай кезде мен балалы бола аламын? деген сұрақтар. Науқастарға және онкология аурулары бар дәрігерлерге және онкологиямен ауырып қалған туысы болса, сол адамдарға арналған.
Шара барысында сала мамандары ауруды анықтаудың тың әдістері жайында ойларын ортаға салды. Аурудан айыққан жандар болса, бастан кешкендерімен бөлісті. Ал фотокөрме аукционынан түскен қаражат инновациялық диагностикалық технологияны әзірлеуге жұмсалады.
Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/752701-almatyda-rakty-zengender-san-ulgisin-korsetti


