Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің күні алғаш рет аталып өтті
2025 жылдың 17 қыркүйегінде Алматы қаласындағы Оқушылар сарайының конференц-залында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің күніне арналған алғашқы салтанатты іс-шара өтті. Бұл кәсіби мереке Қазақстанда тек 2025 жылы бекітіліп, халық денсаулығын қорғауда тұрған мамандардың рөлін мойындаудың маңызды қадамы болды.
Іс-шараға санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің ардагерлері мен қызметкерлері, мемлекеттік органдардың, медициналық қауымдастық пен еліміздің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Құттықтаулар айтылып, қызметкерлер ҚР Премьер-Министрінің, Алматы қаласы әкімдігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және «QazMed» кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапатталды.
Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов құттықтау сөзінде:
«Бұл күн – сіздердің еңбектеріңіздің жоғары миссиясы – халық денсаулығын қорғау мен болашақ ұрпақты сақтауды мойындаудың белгісі. Біз қызметтің жетістіктерін мақтанышпен атап өтеміз: соңғы он жылда Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 43 %-ға, өлім-жітім 75 %-дан астамға төмендеді. Тек 2025 жылдың алғашқы бес айында жедел ішек инфекцияларының 5 мыңнан астам жағдайы тіркелгенімен, бірде-бір холера, іш сүзегі және паратиф жағдайына жол берілген жоқ. Бұл нәтижелер – сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіздің және жоғары жауапкершіліктеріңіздің дәлелі».
Ректор сондай-ақ университет түлектері Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің көшбасшыларына айналғанын атап өтті.