Алматыда құлағында мүкістігі бар бүлдіршінге ерекше операция жасалды
Алматыда құлағында мүкістігі бар бүлдіршінге ерекше операция жасалды. Іргедегі Ресейден келген хирург – құлағы еміс еститін 5 жасар қызға магнитті имплант орнатты. Осы арқылы, науқастың есту қабілеті артпақ. Тың ота бұрын-соңды елімізде мүлде жасалмаған екен. Бұл – алғашқысы. Әріптесім Дастан Сейілханұлы таңсық операцияға куә болды.
5 жасар Нұрсәулені анасы мен әжесі Алматыға ерте келген. Туа бітті құлағында мүкістігі бар қыз – қазір шалдыр шабыстырып сөйлейді. Дыбыстарды еміс қана естиді. Сол себепті, өзге балалармен ойнай да алмайды.
«Сотка болмасын, телевизор болсын, не нәрсені өзіне жаққызып, өзіне сөйлеткіземіз. Ойыншық алсақ та өзіне ойнатамыз. Сөйтіп, қоғамға ақырын бейімдеп жатырмыз»,- деді Нұрсәуленің әжесі, Бұлбұл ҚҰСАЙЫН.
Қарағандыдан келген отбасы, Алматыда тың операция жасалатынын естіп, бөріктерін аспанға атыпты. Олар квота кезегінде бұрыннан тұр. Осыған дейін, ұсқас оталар тек шет елдерде жасалатын. Ал, биылдан бастап Алматыда да жүзеге аса бастады. Нұрсәуле – алғашқы пациент.
¤Дәрігерлер ота жасауға кірісті. Ресейлік маманға алматылық ақ халаттылар жәрдем қылуда. Операция кезінде науқастың бітелген құлағы тілінеді. Кейін, саңлауға магнитті имплант қойылады. Мамандар мұндай ота оңай жасалады дейді. Оған небәрі жарты-ақ сағат уақыт кетеді екен.
Баланың есту жолы қалыпты. Сондықтан дәрігерлер құлақ тұсын ойып, ішіне магнитті имплант қойды. Отадан кейін, науқас оншақты күн медиктердің бақылауында болады. Осы аралықта баланың есту қабілеті жақсаруы тиіс.
«Туа біткен ақау болғандықтан, мұның анатомиялық ерекшеліктері болады. Олар тек операция кезінде ғана қаралып, шешіледі. Бірақ сәтті өтті. Имплантымыз орнатылды. Бәрі жақсы бітті»,- деді «Ақсай» университеттік клиникасы лор бөлімшесінің меңгерушісі, Айгүл МЕДЕУЛОВА.¤
Отаның бұл түрі ең алғаш осыдан 45 жыл бұрын Швецияда жасалған екен. Ал, ресейлік дәрігерлер осы тәсілді 10 жылдан бері қолданып келеді. Бүгінгі операция кезінде алматылық ақ халаттылар тәжірибе жинады. Оларға ресейлік маман шеберлік көрсетті.
«Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге қашанда дайынбыз. Мұндай ота оңай жасалады. Кейін, науқастардың көбі қоғамға бейімделіп кетеді. Тіпті, бөбекжай мен мектептерде тәрбиелене алады»,- деді РФ аудиология орталығының профессоры, Нейля МИЛЕШИНА.
Қазір елімізде 300-ден аса баланың құлағында мүкістігі бар. Дәрігерлер бұл тек тізімге алынғандары дейді. Сондықтан, тың тәсілдің тиімділігін айтып, үкіметтен көмек сұрамақ. Қажетті қаражат бөлінсе, құалаққа магнитті имплант қойдыру үшін, шет мемлекеттерге сабылудың қажеті болмайды.
Дастан Сейілханұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы