БАҚ: Алматыда сейсмикалық жаттығу өтті
Алматы маңында магнитудасы 9 балдық жер сілкінісі болды. Зілзаладан бірнеше нысан қирап, 10-ға жуық адам қаза тапқан. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшірді. Табиғи апаттан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Наурызбай ауданындағы алғашқы медициналық көмек көрсететін қалашыққа таңнан бері жер сілкінісінен зардап шеккен адамдар жедел-жәрдеммен жеткізіліп жатыр. Бұл жер зілзала болған кезде тұрғындарға шұғыл көмек көрсетілетін орындардың бірі. Қаз-қатар тігілген 10 шатырдың әрқайсысында науқастың өмірін арашалап қалу үшін 5-6 дәрігерден жұмыс істейді.
Мына шатырдың астында кез келген қиындықтағы отаны жасауға болады. Мұнда ауыр жарақат алған науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалыпты. Операциялық блок соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған.
Шын мәнінде, бұл – кезекті жаттығу жұмыстары еді. Орталыққа жеткізіліп жатқан науқастар, жұмылдырылған техникалар мен шатырлар дайындық жұмыстарының бір бөлігі. Төтеншеліктер мұндай шараны жойқын зілзалаға дайын болу үшін ұйымдастырған.
«Шараның ең басты мақсаты – бұл ауданымызда орналасқан әртүрлі мекемелердің өзінің қызметтеріне көмек көрсете білу. Ең бірінші, қандай жұмысьтан кейін қандай жұмысқа кірісу керектігі, екіншіден бірге ұйымдастыру жұмыстарын атқару болып есептеледі», – деді Наурызбай ауданы ТЖБ басшысының міндетін атқарушы Бауыржан БЕЙСЕНҚАНОВ.
Жалпы қала бойынша зілзала кезінде тұрғындарға санитарлық көмек көрсететін 168 орын бар. Олар жер сілкінісі кезінде жарақат алған адамдарға алғашқы жәрдем көрсетеді. Ал Наурызбай ауданында аталмыш орындардың саны 8. Бүгінгі жаттығу «Ақсай» клиникалық балалар ауруханасының аумағында өтті.
Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы