БММУ-дағы өндірістік практика және академиялық ұтқырлық
2025 жылғы 1–13 желтоқсан аралығында Фармация мектебінің В085 «Фармация» білім беру бағдарламасының 5-курс білім алушылары «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ пен Башқұрт мемлекеттік медицина университеті (БММУ) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде БММУ-дың фармацевтика факультеті базасында өндірістік практикадан өтті.
Практика барысында білім алушылар дәрілік заттардың сапасын бақылаудың классикалық және заманауи әдістерін меңгерді. Атап айтқанда, фармакопеялық сынақтар (титриметрия, гравиметрия), сондай-ақ аспаптық әдістер — хроматография (ЖЭСХ, ЖҚХ) және спектроскопия (УК, ИҚ) қолданылды. Бұл фармацевтикалық субстанциялар мен дайын дәрілік нысандардың сапасын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік берді.
Білім алушыларды даярлаудың білім беру және тәжірибеге бағдарланған компоненттерін күшейту мақсатында өндірістік практиканың ғылыми жетекшісі, қауымдастырылған профессор Алламбергенова Зоя Бақбергенқызы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 2025 жылғы 1–12 желтоқсан аралығында БММУ фармацевтика факультетінің 3, 4 және 5 курс білім алушыларына жалпы көлемі 72 академиялық сағат практикалық сабақ өткізді. Сабақтар педагогикалық және практикалық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ заманауи білім беру тәсілдерін енгізуге бағытталды.
«С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ ұжымы өндірістік практика мен академиялық ұтқырлықты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Башқұрт мемлекеттік медицина университетінің фармацевтика факультетінің деканы Наталья Владимировна Кудашкина бастаған ұжымға шынайы алғысын білдіреді.









