Болашақ дәрігерлердің жауапкершілік жолы: АИТВ-ның алдын алу мәдениеті
Перинотология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында болашақ дәрігерлер үшін аса маңызды іс-шара – АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша білім беру кездесуі өтті. Бұл жиын акушерлік және гинекология клиникалық генетика курсымен бірге кафедрасының меңгерушісі Сауле Шайкеновна Исенованың жетекшілігімен ұйымдастырылды. Іс-шараның мазмұнды өткізілуіне доцент Скакова Р.С., профессор ассистенттері Қабыл Б.К. және Султанмуратова Д.Д., ассистенттер Жарас А.М. және Ким В.Д. белсенді атсалысты.
Кездесуге «Жалпы медицина мектебінің» 4-курс студенттері және акушер-гинеколог интерндер қатысты. Бүгінгі таңда АИТВ мәселесі тек медициналық білім ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілік пен кәсіби дайындықты талап ететіні белгілі. Сол себепті шараның басты мақсаты – жастардың инфекцияның алдын алу жолдары, пациенттерді дұрыс бағыттау және ауру таралу қаупін азайтудағы дәрігердің рөлі туралы түсінігін кеңейту болды.
Спикерлер АИТВ-ның қазіргі таралу деңгейі, профилактиканың заманауи тәсілдері, жүкті әйелдерді бақылау ерекшеліктері және вертикалды берілудің алдын алу шаралары туралы өзекті деректерді ортаға салды. Әсіресе дәрігердің этикалық ұстанымы мен пациентпен сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Студенттер мен интерндер талқылауға белсенді қатысып, клиникалық жағдайларды талдап, мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Материалды бекіту мақсатында қорытынды тестілеу ұйымдастырылып, ең белсенді және үздік нәтижеге қол жеткізген қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Бұл шара жас мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастыруға, қоғамдық денсаулық саласындағы өз рөлін түсінуге үлкен серпін берді. Кафедра алдағы уақытта да осындай мазмұнды кездесулерді жалғастыруды жоспарлап отыр.









